Ағымдағы жылдың үшінші шілдесі күні сағат 10.28-де Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 112 желісіне ер адам қоңырау шалып, «Сбербанк» АҚ Жамбыл филиалының ғимаратына жарылғыш зат, яғни бомба қойылғанын айтқан, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Хабарлама алғаннан кейін банк аумағы патрульдік полицияның «Боран-22» және «Боран-24» экипаждарының жасақтарымен қоршалып, қаржы-несие мекемесінің 47 қызметкері қауіпсіз жерге көшірілді. Банк мекемесіне шұғыл түрде қызметтік иттермен жарғыш-техниктер, Полиция департаментінің басшылығы мен түрлі басқармаларының қызметкерлері, ҰҚКД, ТЖД және жедел медициналық көмек бригадалары келді.
Тексеру барысында жарылғыш құрылғылар табылған жоқ.
Жалған хабарлама дерегі бойынша Жамбыл облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде Жамбыл ауданының 32 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол өз кінәсін толық мойындады.
Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 273-бабымен (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдікті Тараз қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.