Жамбыл облысында астық алқаптарында өрт болды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Департаменттің «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің» құтқарушылары шаруа қожалықтары алқаптарындағы тілсіз жаумен алты сағат бойы күресті.
«Рысқұлов ауданындағы Өрнек ауылдық округінде, Жарлысу ауылынан 15 км, Құлан ауылынан 50 км жерде астық алқабы өртенді. «Шәушен» шаруа қожалығына қарасты 190 гектар бидай алқабы, «Аян» шаруа қожалығында 150 гектар арпа алқабы өртенді. Бұдан бөлек, 35 гектар жерде қураған шөп те өртенген. Өрттің жалпы аумағы 375 гектарды құрады», — деп мәлімдеді ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт төрт сағатта ауыздықталып, тағы екі сағаттан кейін толықтай сөндірілді.
Өртті сөндіруге жалпы 49 адам және 16 техника жұмылдырылған.
ТЖД өкілдерінің айтуынша, өңірдегі аптап ыстық ми даладағы өрттің тұтануына әкеп соқтыруда.
Еске сала кетейік, Қазгидромет алты облыста аптап ыстыққа байланысты өрт тұтану қаупі сақталатынын ескерткен болатын.