Жігіт пен қыз бір бағытқа қарай қадам алып, болашағын бірге көріп, кездесе бастаған сәтінде жолда неше түрлі кедергілер, түсініспеушіліктер туады. Мұның әрқайсысын түймедейді түйедей етіп мәселе деп көтере беруге болмас. Алайда арадағы жағдайды ашып сөйлескен дұрыс.
Оның бойынан сізге ұнамайтын қасиеттер болса немесе кейде түсінбей қалатын болсаңыз, ашып айтыңыз. Ол да сізге солай ашық болсын. Бірақ айтудың жөні осы екен деп кез келген жерде ойыңызға келген сөзбен айта салуға болмайды, ол қарым қатынастың ары қарай өрбуіне кедергі болады. Ұнамайтын қасиетін дәл сол байқаған кезіңізде «міне, маған сенің осындайың ұнамайды» деп жайып салмай, айтатын жерін, орайын күтіңіз. Жақсы көңіл күймен сөйлесіп отырған кезде ғана «кейде сенің сондай қылығыңды түсінбей қаламын» деген сияқты сөздермен тігісін жатқызып, жұқалап жеткізіңіз. Кездесіп жүргеніңізге қанша уақыт болғанына қарамастан, әрдайым көңіліне қарап сөйлеңіз. Бір-біріңіздің көңілдеріңізді бір қалдырсаңыз, сынған шынының орнына келмейтіндей болуы мүмкін.
Өзімшілдік. Өзім білемдікке салынбаңыз. Сіз енді өзіңізді ғана емес, екі адамның жағдайын, екеуіңізге де ыңғайлы болатын жағын қарастырып, ойлануыңыз керек. Қойған талаптарын барынша орындауға тырысыңыз. «Өзім білем дегеннің өзегі түседі». Біреуге бағынғысы келмейтін жан өмір бойы жалғыз өтуі де ғажап емес. Оның ойымен, көзқарасымен санасыңыз. Ал шектеуі, тыйымы тым көп болып, көңіліңізден шықпай жатса, асықпай ақылдасып шешіңіздер, екі жаққа да тиімді болатын шешім шығарыңыздар.
Өз кінәсін мойындамау. Бұл да өзімшілдіктен шығады. Үнемі сіздікі дұрыс бола беруі міндетті емес. Араларыңызда түсініспеушілік туса, оған екі жақтың да кінәсі болуы мүмкін. Үнемі оны жазғыра бермеңіз. Адам мәселенің барлығына өзін кінәлі деп есептегенде, жағдай барынша оңай шешіледі. Ол кінәлі болса да, қайта-қайта бетіне баспаңыз. Тіпті кейде сүттен ақ, судан таза болып тұрсаңыз да махаббат үшін бар кінәні мойныңызға ала салуға тура келеді. Көмектен бас тарту. Ғашық жұп арасында болмашы ұрыс-керіс туындаса, әсіресе қыздар оған деген сезімі ешқашан болмағандай томсырайып шыға келуі мүмкін.
Мұның да ақыры жақсылыққа апармайды. Қанша жерден ренжіп тұрсаңыз да, көмек сұраса бас тартпаңыз. Қайта түсініспеушілік туған сәтте, кінә қай тараптан болса да, осы сәтте көмектесуге, оның жақсы көретін тағамын дайындап, ұнататын әрекеттерін істеуге, барынша қамқор болуға тырысыңыз. Ұрыс-керіс өтеді, кетеді, ал сезімге селкеу түсіру жарамайды.
Салыстыру. Біз адам өзін ешқашан ешкіммен салыстыруға болмайтынын жиі жазамыз. Сол секілді өзіңіз де – өзіңіз, ол да – өзіңіз. Өзіңіз таңдап тапқан сүйген жаныңызды ешкіммен салыстырмаңыз. Құрбыларыңыздың жігіті жиі сыйлық жасайтынын, жиі қыдыртатынын, көп көңіл бөлетінін айтып шағымдана бермеңіз. Мұның барлығы адамды жалықтырып, соңы екі жаққа кетуге апарып соғады. Әсіресе, жігітіңізді өзгелердің алдында төмендетіп, әлдекімдермен салыстырушы болмаңыз. Қателігін жұрт көзінше бетіне баспай-ақ, тым құрығанда үндемей қойсаңыз, кейін оңашада талай талқылай бересіздер. Көпшілік отырған жерде оның пікірі қате болса да, ақтап шығуыңыз керек, себебі ол – сіздің адамыңыз.
Дереккөз: massaget.kz