Таразда перзентханадан жаңа туған сәбиді ұрлап бара жатқан келіншектің қылмысы камераға түсіп қалған, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА KTK арнасына сілтеме жасап.
Полицейлер қылмыстың ізін суытпай 22 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Облыстық перинаталды орталықта босанған келіншек өзге біреудің жаңадан туған сәбиін сатпақ болған. Ол мекемеден құндақтаулы сәбиді жасырын алып шыққан. Қылмысы бейнебақылау камерасы арқылы әшкере болды.
«Жанымда жатқан әйелдің қал жағдайын сұраймын деп кірген. Медицина қызметкерлері баланы тербетіп тұрған ғой. Тербетіп жүрген кезде телефон шырылдайды. Телефонмен сөйлесіп жатқан сәтін пайдаланып алып кетіп отыр», — дейді облыстық перинаталдық орталығының бас акушері Сәуле Әлжанова,
Дәрігерлердің айтуынша, сәбиді ұрлаған 22 жастағы келіншек маусым айында дәл осы орталықта кесір тілігінің көмегімен қыз баланы дүниеге әкелген. Тиісті ем-домын алған соң 5 шілдеде үйіне жіберілген. Алайда 3 тәуліктен соң медицина қызметкерлері кіретін есіктен баланы сыртқа алып шығып отыр.
«Ішкі бақылау камераларының арқасында күдікті анықталды. Нәресте анасына қайтарылды. Қазіргі таңда нәрестенің жағдайы жаман емес. Өміріне қауіп жоқ», — дейді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов.
Күдікті қыз баланы қонақүйде асырап алушыға беру сәтінде қолға түсті. Анықталғандай, баланы сатып алмақ болған отбасы Алматы қаласынан келген.
Күдіктінің кінәсі толық дәлелденсе 10 жыл арқалауы мүмкін. Қазір емізулі сәбиі болғаны үшін бұлтартпау шарасы тағайындалды. 22 жастағы келіншек бұған дейін істі болып, дау медиация арқылы шешіліпті. Осы жайттан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасы ішкі тексеру жүргізді. Ісіне салғырт қарағаны үшін перзентхананың 2 бөлім меңгерушісі қатаң сөгіс алса, 4 қызметкер жұмыстан босатылған.