Бұл дүниеге екі қолсыз келсе де мойымай, аяғымен қыз жасауын тігіп, көпке іскерлігімен, батылдығымен және өжеттілігімен танылған кәсіпкер Анар Сағынтайқызы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Тағдырдың басқа салғанына қарсы тұрып, кәсіп ашып, өзгелерге жұмыс беріп отырған кәсіпкерге Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрмет грамотасын облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров тапсырды. Онда: «Құрметті Анар Сағынтайқызы! Сізді, еліміздің көркеюіне белсене атсалысып, абыройлы жұмысыңызбен көпшіліктің құрметіне бөленген үлгі тұтар жансыз. 2015 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде ашқан кәсібіңіз өңір экономикасының өсуіне баға жетпес үлес қосуда.
Жұмыспен қамту кез келген мемлекет үшін қашанда өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ал азаматтарды жұмыспен қамтудың баламасы ол – кәсіпкерлік. Өзіңізді жұмыспен қамтып, тіпті өзгелерге жұмыс орнын бергеніңіз үшін алғысымыз шексіз! Жасап жатқан кәсібіңіз игі істер әкеліп, жаңа мүмкіндіктер ашсын! Алға қойған мақсат-міндеттеріңіз, үлкен жоспарларыңыз орындалсын. Еліміздегі мәні зор, маңызы айрықша мерекелердің қатары – Елордамыздың туған күні қарсаңында, Сізге еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен істе қажымас қайрат, бақ береке, табыс пен сәттілік тілейміз!» делінген.
Анар өзінің аз ғана уақытта еңбегі еленіп, осындай марапатқа ие болғанына қуанышты екенін жеткізді. Ал облыс әкімінің орынбасары кәсіп ашып нәсіп табамын деушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле беретіндігін айтты.
Осыдан 4 жыл бұрын Анар «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, тігін цехын ашқан болатын. Содан бері елден тапсырыс алып қыз жасауын тігуде. Оның айтуынша, қазіргі таңда тапсырыс берушілердің де саны артқан.
Өңірімізге іс-сапармен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова келгенде Анар ол кісінің қабылдауында болып, тігін цехын үлкейткісі келетіндігін, мүгедектігіне байланысты екінші деңгейлі банктерден несие ала алмай жүргенін айтқан еді. Оның бұл қайсарлығы өңір басшысы Асқар Мырзахметовты да бей жай қалдырмай, өңір басшысы кәсіпкерге көмек беруге уәде берген болатын.
Ол несиеге Анардың қол жеткізгенін өңірімізге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапарымен келіп, «Arai Plaza» бизнес сөткізген кездесуінде білген едік. Сол жиында сөз алған Анар Бексұлтанова: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен бұл дүниеге екі қолсыз келдім. Бірақ бұл маған жоғары оқу орнын аяқтауыма, 20 жыл облыстық музейде жұмыс істеуіме, екі қыз тәрбиелеуіме, жеке кәсіпкерлікті қосымша алып жүруіме еш кедергі келтірген жоқ. Бүгінде жұмыс істеймін деген азаматтарға екі қолға бір күрек табылады.
Мен аяғыммен іс тігемін. Сурет те саламын. Көрмелерге де қатысамын. Үй шаруасымен де айналысамын. Үйімнің бір бөлмесінен тігін цехын аштым. Сол жерде қыз жасауын тігіп отырмын. Осы ісімді бастағанда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, жеті тігін машинасын алдым. Төрт әйелді жұмыспен қамтыдым. Жақында осы ісімді кеңейту үшін екінші денгейлі банктен тағы да 3 миллион теңге несие алып отырмын. Мұның барлығы еліміздің әлеуметтік саясаты, сол саясатты қалыптастырған Елбасымыздың қамқорлығының арқасы деп білемін», — деген еді.
Кәсіпкерлікпен ден қойып шұғылдану қашанда күрделі. Ол он екі мүшесі бүтін адамға да жеңіл емес. Ал Анардың екі қолсыз тігін тігуі, сурет салуы ерлікке пара пар іс. Біз осындай қайсар азаматтың батылдығын қолдаймыз. Оның ісі мыңдаған заматтарға үлгі.