Жамбыл облысындағы ЖД-158/7 мекемесінде дін турасында кездесу өтті. Бас бостандығынан айырылғандар күрмеуі көп мәселенің төңірегінде сауалдарын қойып, кәсіби маман тұщымды жауап берді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Қазіргі таңда «Алла» атын аузына алып, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қорқыныш, қобалжитын жағдайға жеттік. Өкінішке орай, бүгінгідей ғаламдану заманындағы еліміздегі ахуал осыған саяды. Бұл арада мәселе діннің өзінен емес, дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың құйтырқы әрекетінен ушығып тұрған жайы бар.Жастардың санасын улап, қоғамға іріткі салып бағуда. Сондықтан ЖД-158/7 түзеу орны бүгінгі талқы тақырыбында исламдағы жат ағымдар, одан қалай қорғану қажеттігі турасын сөз етуді жөн деп ұқты. Әлбетте, осы тұста білікті мамандардың кеңесі мен пікірі және зерттеуі маңызды. Жиынға арнайы Жамбыл облысы әкімдігінің Дін істері басқармасының өкілі Ерзат Жақыпұлы қатысты.
Ең әуелі сотталғандарға «Жалған діни ағымдар» атты бейнеролик көрсетілді. Онда сыртқы жат ықпалға бой ұрғандардың қателігі өзгелерге сабақ ретінде баяндалған.Түсінген жанға тағлымы мол көрсетілім көптің көңіліне терең ой салды. Туындаған сұрақтар жан-жақты сараланып, анық-қанығы белгілі болды. Адасып абақтыға қамалғандар темір торға түскенде парықсыз қателігін ұғынса, намазға жығылып, сәждеге бас ұрып, дінге бет бұрып жатады. Қазіргі таңда оқшаулы орында 5 уақыт намазын қаза қылмайтын жамағаттың қатары қалың.
Осыған орай, мекемеде арнайы теолог мамандар жүйелі жұмыс істеп, діни бірлестіктердің ресми өкілдері кестеге сай аптасына екі рет кездесу өткізіп отырады. Мұнан өзге, осы тектес басқосулардың рөлі айрықша.