Бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшының орынбасары Бекбатырова Жәмилә Елеуқызы «Мектепке жол» атты дәстүрлі жалпы республикалық акциясы өткізілетінін айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Акция «Жүректен жүрекке!» үндеуімен өтеді. Дәстүрлі акция мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және балалардың әлеуметтік себептер бойынша мектепке бармауының алдын алу үшін материалдық және басқа да көмек көрсету болып табылады.
«Бүгінгі күнге көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың саны — 28230. 2018 жылы аталған акция аясында көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 32106 балаға 324 млн.752 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілді. Оның ішінде 14388 балаға жергілікті бюджет есебінен материалдық көмек көрсетілсе, 17718-не демеушілер қолдау танытты.
Биылғы жылы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу жөнінде өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, облыс әкімдігі тарапынан бекітілді. Іс-шаралар жоспарына сәйкес барлық аудандар мен Тараз қаласында «Қайырымды жүрек» қайырымдылық акциясыы ұйымдастырылып, мектеп жәрмеңкелері, «Бірінші сыныпқа бірінші рет», «Балаға мейірім сыйла» атты мерекелік іс-шаралар, сондай-ақ сайттарда «Сіздің балаңыз мектепке дайын ба?» тақырыбында ақпараттық акциялар өтеді.
Көмекке мұқтаж балалардың дерек қоры жасалып, дәлелсіз себептермен сабаққа бармайтын немесе сабақты жиі қалдыратын балаларды анықтау және есепке алу мақсатында құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен компьютерлік клубтарда, саяжайлар мен базарларда, вокзалдарда т.б.көңіл көтеретін орындарда бірлескен рейдтер өткізіледі» — деді басшы орынбасары Жәмилә Елеуқызы.
Акцияға қатысуға ниет білдірген барлық азаматтар білім бөлімдеріне хабарласып, көмекке мұқтаж балалардың тізімін ала алады. Білім басқармасында 1 шілдеден 30 қыркүйекке дейін азаматтардың өтініштері бойынша жедел шара қолдану мақсатында байланыс телефондары қызмет етеді: 43-88-25, 43-88-32, 43-88-42, 43-88-41. Осындай байланыс телефондары барлық білім бөлімдерінде де қызмет етеді.