Жамбыл облысы Қордай ауданында 2 жасар бүлдіршін ауладағы үрленбелі бассейндегі суға тұншығып, аудандық ауруханада қайтыс болды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«15 шілде сағат 19:10-да Қордай ауданы Жамбыл ауылы Мәдениет к-сі, 9 мекенжайындағы тұрғын үйде үрленбелі бассейнде 2017 жылы туған қыз бала ата-анасының қарауынсыз қалып, суға батқан. Кішкентай қыз 16 шілде сағат 07:00-де Қордай аудандық орталық ауруханасында көз жұмды»,- делінген ведомство хабарламасында.
Аталмыш департаменттің мамандары облыс тұрғындарын суда шомылғанда абай болып, ереже-талаптарды сақтауға, кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.