Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров Сарысу ауданына іссапарға барды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аудан әкімдігінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Сәбитұлы бірқатар азаматтарды қабылдап, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.
Қабылдауға жазылған зейнеткер Арқабай Төлмағамбетов «Саудакент» көне қаласын ашық аспан астындағы музей ретінде қолға алу туралы ұсынысын білдірді.
Пікірді мұқият тыңдаған Н.Календеров оңды ұсыныс екенін, бұл мәселенің өзі басшылық ететін саласына қарамаса да ұсынысты облыстық мәдениет басқармасына айтып, шешімін хабарлайтынын жеткізді.
Ауыл ел амандығын сұраған облыс әкімінің орынбасарына А.Төлмағамбетов облыс әкімінің жақындағы іссапарынан соң ауылдықтар серпіліспен қарапайым заттар экономикасын көтеруге құлшыныстары арта түсті деді.
Осындай өз ұсыныс-пікірін білдіргендердің бірі «Соляная компания «Асыл Тұз» ЖШС ас тұзын өңдеу зауытының директоры Әділбек Ақназаров болды. Басшысы зауытының 2016 жылы«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде индустрияландыру картасына енгендігін айтып, бүгінгі таңда қол жеткен жетістіктері мен алдағы уақыттағы қажеттіліктерін ортаға салды. Жоба құны 710.0 млн теңгені құрайтын зауыттың 1,4 шақырым темір жол тұйығын салдыру және шикізат алу карьерін қажет ететінін айтып, көмек беруді сұрады.
Облыс әкімінің орынбасары жол мәселесінің қиындығын растап, темір жол тұйығын салдыру жөнінде егер барлық құжаттары дұрыс, әрі заңды болса оң шешімін табу мүмкіндігі бар екендігін айтты.
Ал, шикізат карьеріне қатысты сауалға қандайда бір осы карьерді алсам деген ұсынысыңыз бар ма деп сұрақ қойды. Зауыт басшысы ондай ұсынысының жоқ екендігін, бүгінгі таңда тұзды сатып алатындығын, теміржол тұйығына қатысты жоба жасалынып жатқандығын, өнімге деген сұраныстың көптігін облыстық орынбасарға жайып салды.
Карьерге деген нақты ұсыныс болмағандықтан тап басып жауап беру мүмкін еместігін айтқан Н.Календеров ұсыныс болып жатқан жағдайда зерделеу арқылы шешімі болады деді.
Осы қабылдауға сонау шалғайдағы Шағалалы ауылынан арнайы келген зейнеткер Онләшім Дүйсенбеков Досбол ауылдық округі Шағалалы ауылына газ тарту мәселесін қозғады.
Шағалалы ауылындағы 50 үйлі отбасы жоғары қысымды газдың болғанын қалап, сол елдің талап-тілегін жеткізуге келгендігін айтты. Ешқандай талап-тілектердің ескерусіз қалмайтындығын білдірген Н.Календаров бұл ұсыныс бойынша аудан әкімі Қ.Мәдібек те хабардар еткенін, облыстық энергетика басқармасына сұраныс бергендігін айтты. Зерделенген соң, бұл мәселе шешімін таппақ екен.
Бүгінде Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді орындау мақсатында аудан бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның негізгісі – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүргізіліп жатқан іс-шаралар.
Бір сөзбен айтқанда, «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында аудан орталығы Жаңатастан жаңа музей – аудан тарихынан сыр шертетін бірегей орталық ашылса деймін.
Саудакент ауылында Т.Мақашев атындағы мұражай бар. Десекте 90 жылдық тарихы бар ауданның, 50 жылдық кен саласымен сабақтас өрілген қаланың тағылым-тарихынан сыр шертер орталықта заманауи мұражай, тарихи кешеннің болғаны нұр үстіне нұр болар еді,-деген зейнеткер Мағия Тоқсанбаеваның пікірін облыс әкімінің орынбасары осы мәселе төңірегінде аудан басшысы Қ.Мәдібектің өзіндік жоспарлары бар екендігін айтты.
Аудан орталығындағы «Үш алып» ғимаратының орнына «Музей» құрылысын салу, онда тек мұражай ғана емес, балалар өнер мектебі, мәжіліс залы т.б топастырылған кешен орталығы қаланың бас жоспарына сәйкес алдағы уақытта орындалатын болады. Бұл ұсыныс қабылданды деп есептесеңіз болады,-деді.
Қабылдау барысында ауданның, қаланың болашағы жайлы ойлар айтылып, сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді.