Жамбыл облысында Өзбекстанның 38 заңсыз еңбек мигранты ұсталды

0 3

Жамбыл облысында Өзбекстанның 38 заңсыз еңбек мигранты ұсталды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заңсыз көші-қон арналарын, сондай-ақ заңсыз көші-қонға байланысты өзге де құқыққа қарсы әрекеттерді анықтау және жолын кесу мақсатында Жамбыл облысының аумағында «Нелегал-Жаз» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде.

Оның екінші кезеңі аясында, яғни 14 шілдеде Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданы Жақсылық ауылында полиция қызметкерлері Өзбекстан Республикасының 31 азаматын ұстады. Ұсталғандардың барлығы жергілікті кірпіш зауытында рұқсат құжатынсыз заңсыз еңбек еткен.

Қазіргі таңда Өзбекстан Республикасының азаматтарына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар жинақталып, шешім қабылдау үшін Т. Рысқұлов ауданының сотына жіберілді.
Шетел азаматтарын рұқсатсыз еңбек қызметіне заңсыз тартқаны үшін жұмыс беруші де ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, 17 шілдеде Байзақ ауданының Бурыл ауылындағы дүкендердің бірінің үй-жайында Жамбыл облысының Полиция департаменті Заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі арнайы жеке ротасының қызметкерлері Қазақстанда заңсыз жүрген және нан өнімдерін пісірумен айналысқан Өзбекстан Республикасының жеті азаматын анықтады.
Ұсталған еңбек мигранттарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік материал хаттама толтырылды, ал шетелдік жұмыс күшін тарту ережесін бұзғаны үшін нан пісіретін цехтың иесіне қатысты ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша әкімшілік жаза тағайындалды. Барлық істер Байзақ ауданының әкімшілік сотына жолданды.

Жамбыл облысының Полиция департаменті шетел азаматтарын көші-қон тәртібін бұзбауға және тиісті құжаттарды уақтылы ресімдеуге шақырады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.