Облыс орталығындағы оқу орындарында отүстіктің жастарына солтүстік облыстарда тегін оқуға мүмкіндік беретін «Серпін» жобасы бойынша оқуға құжат қабылдануда, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Шілденің 13-20 аралығында оқуға тапсырушы талапкерлердің құжаттарын қабылдау жүргізіледі. Жобаға орта мектепті бітірген ауыл мектептерінің түлектері мен жастар қатыса алады.
Жобаға қатысушы 9 өңірдің жоғары оқу орындарының өкілдері М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша конкурсқа құжаттар қабылдауда.
Алты жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан “Серпін” бағдарламасы биыл жастарға арнап 5 109 грант бөлді.
Жоба аясында жоғарғы оқу орындарына түскен білімгерлер шәкіртақымен, өңірлерге бір рет барып-қайту жолақысымен және жатақханамен, колледжге түскен білімгерлерге аталған жеңілдіктерге қосымша үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.
Жоба жүзеге асырылған 6 жыл ішінде 1984 азамат бұл бастаманың пайдалы тұстарына куә болды. Оның ішінде 1169-ы жоғарғы оқу орындарын таңдаса, қалғаны кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде оқып білім алды.
«Серпін»бағдарламасына құжаттар төмендегі мекенжайларда қабылдануда:
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті
(Тараз қаласы,Төле би көшесі №60, 2.6 корпус, мәжіліс залы);
Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті
(Тараз қаласы,Төле би көшесі №62, №108 кабинет);
Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжі
(Тараз қаласы, Төле би көшесі №66, №101 кабинет).