Жамбыл облысында «Жолда қабылдау» кең ауқымды акциясы өтуде, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында шілденің 19 мен 20 аралығында Жамбыл облысының Полиция департаментімен ДП бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Бауыржан Үдергеновтің қатысуымен кезекті рет «Жолда қабылдау» акциясы өткізілуде.
Іс-шараның мақсаты – қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтарға кеңес беру және құқықтық көмек көрсету. Полиция қызметкерлері әкімшілік учаскелердің аумағында, тұрғын үйлердің, шағын аудандардағы үйлердің аулаларында, жеке секторларда, базарлар мен демалыс орындары сияқты адамдар көп жиналатын жерлерде халықты қабылдайды. Таңертеңгі сағат тоғыздан кешкі жетіге дейін аталмыш ауқымды акциямен Тараз қаласының барлық аудандары, соның ішінде «Көктем» және «Шөлдала» иіндері, «Солнечный», «Қант зауыты» аудандары, «Ауыл Береке» базары мен «Зербұлақ» көлінің маңайы қамтылған. Сонымен қатар, акция Жамбыл облысының он ауданында өтуде.
«Жолда қабылдау» акциясы «Арай» иінінен бастау алды. Қолайлы жағдайды пайдалана отырып, аудан тұрғындары полиция қызметкерлеріне тек қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігіне ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және құқықтық аспектілерге қатысты сұрақтар қойды. Қалған өтініштерге қатысты құқық қорғау органдары оларды жергілікті атқарушы органдарға беру арқылы көмек көрсетеді.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің 8(7262)99-72-94 «жедел желі» телефоны «Жолда қабылдау» акциясы аяқталғаннан кейін де өз жұмысын жалғастырады.