Жамбыл облысында жаңғақтан наша табылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Қылмыстық дерек Тараздағы түзеу орындарының бірінде орын алған. Темірдей тәртіп пен қатаң қағидамен ғана жүріп-тұратын ерекше режимдегі ЖД-158/7 мекемесінің ережесін бұзып, заңға томпақ келер әрекетке баратындар азаймай тұр. Соңғы уақытта тиым салынған заттарды пошта арқылы жіберу белең алған. Үстіміздегі жылдың 19 шілде күні қызметкерлер кезекті рет қамаудағыларға келіп түскен сәлем-сауқатты тексеру барысында көңілге күпті, күдікті заттар көзге ілінді.
Режим бөлімінің аға лейтенанты Байболат Қуандық, тінту бөлімінің бақылаушысы Б.Телеу орамахатты жіті тінту кезінде 5 грек жаңғағы ішінен қою жасыл түсті, өзіне тән иісі бар затпен толтырылғандығын анықтаған. Мұнымен қоймай, біреусінің ішінен ұялы телефонды қуаттайтын сым табылды. Қулыққа барғандар өте мұқият желімдеп, табиғи қалпына келтіруге тырысып баққан.
Алайда қырағы қызметкерлер кәсібилігінің арқасында құйтырқы іс әшкереленді. Сот-сараптамалық талдау көрсеткендей күмәнді зат 17 грамм «гашиш» есірткісі екендігі дәлелденген. Атаулы сәлемдеме Алматы облысы, Талғар қаласы, Қызылту ауылынан ҚР ҚК 191б.2т, 14б.2т, бойынша сотталған А.Н.Ш-қа жолданыпты. Қазіргі таңда Тараз қалалық Полиция басқармасы 1-ші Полиция бөлімі тарапынан ҚР Қылмыстық Кодексінің 297 бап 1 тармағына сай есірткіні өткізу бойынша іс қозғалды.