Жамбыл облысында екі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі- «Қаралма» тау-шаңғы базасы, екіншісі «Шахристан» этно-мәдени кешені. Бұл туралы облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова «Өңірлік коммуникация қызметі» алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Aқпараттық Агенттігі.
Елбасы «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» атты былтырғы жолдауында:
-Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет,- деген болатын. Бұл бағытта аймақта жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде екі бірдей инвестициялық жоба іске асырылуда. Соның бірі -тау шаңғы базасы. «Қаралма» тау-шаңғы базасы» жобасының құны-3 млрд. 355 млн. теңгені құрайды. Кешен Талас Алатауының 3200 метр биіктігінде орналасқан. Бүгінгі таңда құрылысқа 274 га жер телімі бөлініп, электр қуатымен жабдықтау, газ мен су құбырын жүргізу инженерлік коммуникациялары өтетін жерлері анықталып, автожол құрылысы аяқталды.
Техникалық сипаттамалары бойынша арқанды жолдың ұзындығы 2050 метрді құрайды. Кешеннің құрамына 20 коттедж, 100 орындық 1, әрқайсысы 70 орындық 2 мейрамхана, 30 орындық кафе, бақылау мұнарасы, қызмет көрсету орталығы, 100 автокөлікке арналған автотұрақ, бассейн және басқа да сауда-ойын-сауық орындары кіреді.
Ал екінші жоба Тараз қаласының орталығынан ашылады деп күтілуде.
«Шахристан» этно-мәдени кешені» жобасы 13 863,0 шаршы метр аумаққа орналасатын болады. Жобаның жалпы құны -3,768 млрд. теңге. Оның ішінде: «Руханият орталығы», музей, көрме орталығы, сурет галереясы, «Арбат» қарастырылған. Сонымен қатар, ежелгі салт-дәстүрлерді жаңғырту мен облыстағы кәдесый өнімдерін өндіруді дамытуды көздейтін «Тараз шеберлері» қолөнершілер қалашығы орналасатын болады.
— Мақсаты қолөнер мұрасын өмірге әкелген кәсіпкерлерге қолдау көрсету арқылы өңірімізге туристерді тарту. Қолөнер шеберлеріне өз туындыларын сатуға мүмкіндік тудыратындай жағдай жасау.
Бүгінгі таңда жобаның эскизі әзірленіп, аумақты құрылысқа дайындау жұмыстары жүргізілуде,-деді туризм басқармасының басшысы Қарылғаш Аралбекова.
Басқарма басшысының баяндауынша, Қырғыстан және Өзбекстан мемлекеттерінің туристік компанияларымен жазғы маусымда Ыстықкөлден туристерді «Көне Тараз шеберлері» қалашығына әкелу қарастырылған. Іс-шараға қазіргі таңда барлығы 5 565 адам тартылған. Олардың 500-ден астамы Германия, Италия, Жаңа Зеландия, Жапония, Болгария, Қырғыстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінен келген шетелдік туристер.