Жамбыл ауданында жолдаудың басым бағыттары түсіндірілді

0 7

Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттердің маңызын екшеп, халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының жанынан құрылған мобильдік топ Жамбыл ауданына  арнайы келді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аудандық пошта байланыс торабында өткен жиынға облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының жанынан құрылған мобильдік топтың мүшесі Оңласын Есіркепов, аудандық пошта байланыс торабының директоры Ұлазан Бөкейхан, Аса ауылдық округі әкімінің орынбасары Ертай Бозымбеков, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мадияр Әбдірахман және пошта қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында заман талабына сай тиімді мемлекет құрудың бес міндетін атап көрсеткен болатын. Оңласын Қарабайұлы осы Жолдауда міндеттелген  барлық бағыттарды айшықтап, жеке-жеке тоқталып өтті.

 – Президент Жолдауы өте ауқымды, көптеген мәселені қамтыған маңызды құжат. Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында  тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерге тоқталып, бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болғанын, осы уақыт ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналғанын айтты. Халыққа берген уәделерін міндетті түрде орындайтынын мәлімдеген Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белестің ортақ мақсаттарын, оның ішінде өзінің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға негізделген Жолдаудың басым бағыттары туралы егжей-тегжейлі баяндады.  Сондай-ақ, маңызды мәселелерге ерекше көңіл аударып, қоғамның ақсап тұрған тұстарын анық атап көрсетті.

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» – мемлекет тұрақтылығының негізі болатын саяси жүйенің формуласы. Ендігі жерде азаматтардың сындарлы сауалдарына құлақ түретін, жедел әрі тиімді жауап беретін мемлекет тұжырымдамасын іске асыру ортақ міндет болмақ, – деді Оңласын Есіркепов.

Аса ауылында болған келелі кездесуден кейін Жолдау жүгін арқалаған ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Қарасу, Көлқайнар, Ақбастау, Өрнек, Ерназар ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Мұнда олар маңызды құжатты тұрғындармен бірге талқылап, Жолдауда қойылған міндеттемелерді орындау бағытындағы Үкімет қабылдаған шаралар жөнінде әңгіме өрбітті.

Жиын соңында ақпараттық топ мүшелері тұрғындарды Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді бірге іске асыруға шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.