ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті мен облыстық білім басқармасы бірлесіп «Адал ұрпақ» еріктілер клубының облыстық слетін өткізді. Іс-шараға өңірдің барлық аудандары мен Тараз қаласынан 1000-ға жуық оқушы қатысты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA
Білім ордаларында азаматтық-патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбие беру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Адал ұрпақ» еріктілер клубтары құрылған.
Бүгінгі күні «Адал ұрпақ» еріктілер клубының жұмысы қарқынды дамып, патриотты және бәсекеге қабілетті жастарды тәбиелеуде өзінің ықпалын тигізіп келеді. Оқушылардың бойында адалдық, парасаттылық қағидаттарын дамыту мақсатында Жамбыл облысы бойынша 392 мектепте «Адал ұрпақ» клубтары құрылып, құрамына 16 мыңға жуық оқушы қамтылған. Жыл басынан бері ауылдық, аудандық, қалалық деңгейде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының ұйымдастыруымен барлығы 187 іс-шаралар өткізіліп, 42 135 оқушы қамтылды. Білім беру ұйымдарындағы «Парасатты азамат» бұрыштарында жастардың бойында патриоттық, парасаттылық, жауаптылық қасиеттерін дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру туралы ақпараттар тұрақты түрде жаңартылып отырады.
Өскелең ұрпақты сыбайлас жемқорлықтан аулақ болуға мектеп қабырғасынан бастап тәрбиелеу. Өз кезегінде жастардың санасын өзгерту және олардың бойында парасаттылық, адалдық және әділдік сияқты қасиеттерді қалыптастыру. Бұл өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алдында тұрған міндеттері болып табылады.
Адал ұрпақ тәрбиелеу – қай уақытта болса да өз маңыздылығын жоғалтпаған мәселе. Халқының мүддесін өз мүддесінен артық қоятын, адалдық, бауырмалдық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді бойына жинай білген тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – барлығымыздың борышымыз.
Жиында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысыбойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев: «Болашақ ұрпағымызға тек тәрбие мен білім берумен шектеліп қана қоймай, адал еңбекқорлыққа да үйретуіміз керек. Адал еңбекқорлық – еліне адал қызмет етуден және сыбайластық іс-әрекеттерден аулақ болудан тұрады.
Мемлекетіміздің болашағы саналатын мектебіміздің осындай белсенді оқушыларынан үлкен үміт күтеміз. Өз заңын құрметтеп-қастерлейтін, еліне шын берілген адал ұрпақ – «Мәңгілік Елдің кепілі екендігін» атап өтті.