Бұл туралы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Адал ұрпақ» еріктілер клубтарының облыстық слетінде айтылды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA
Енді мектеп жанынан «Үгіт-насихат» топтары құрылып, олар «Адал ұрпақ» клубының атқарып жатқан жұмыстары туралы насихат жүргізетін болады. Бұл бастама өз кезегінде қамтылатын оқушылар санын арттырып, олардың ой-өрісіне өзгеріс алып келетін болады.
Аталмыш іс-шара мектеп оқушыларына рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбие беру бағытында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сонымен қатар «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының жұмысын қорытындылау мақсатында өтті.
2019-2020 оқу жылында 392 орта және негізгі мектепте «Адал ұрпақ» клубтары құрылып, оған 16 мыңға жуық белсенді жоғары сынып оқушылары қамтылған.
Еріктілер слетына Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас, Сарысу, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай аудандарының «Адал Ұрпақ» еріктілер клубының мүшелері жыл бойына атқарылған жұмыстарын таныстырып, бейнеролик, фотослайд арқылы презентациялар жасады.