«Жастар — асқақ арманның, үкілі үміттің көрінісі» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, Жамбыл облысында болашағына сенімі арта алатын жастар баршылық. Бүгін сіздердің назарларыңызға облысымыздағы белсенді жастардың бірі, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті, «ҮЗДІК ЖАС ҒАЛЫМ — 2019» номинациясының иегері — Абылай Ғалиямен болған сұхбатты ұсынамыз.
1.Ғалия Архатқызы, сізді » Үздік жас ғалым -2019″ атануыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Жалпы ғылым жолына қалай келдіңіз?
-Құттықтауларыңызға рақмет! Негізінде ғылым жолы — ауыр да күрделі жол. Сондықтан мен өз қатарластарымның деңгейінде ғылымға ден қойған жастардың бірі болғаныммен, бұл жолдың басында ғана тұрмын деп есептеймін. Әлі де еңбектену керек.
Алғаш студент атанып, оқу орнына түскен жылдары ғылыми мақалалар жазып, түрлі ғылыми додаларда бақ сынау қажеттігін айтып, іс жүзінде жүзеге асыруға бағыт-бағдар берген, ғылымға деген қызығушылығымды оятқан жанашыр ұстазым — Айсұлу Нұрдынқызы болатын. Бертін келе басқа да оқытушыларымыз өз тараптарынан қолдау көрсетіп, ғылым жолында пісіп-жетілуімізге ықпал етті. Сол үшін «USTAZ» университетіндегі талабы мен талғамы биік оқытушыларыма айтар алғысым шексіз.
2. Жастар арасында өзіңіздің қарым-қабілеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді көрсетуге ықпал етуші факторлардың біріне айналған өмірлік ұстанымыңыз қандай?
-Менің өмірлік ұстанымым: мейірімге толы тасқын бол! Өмірде түрлі әділетсіздіктер орын алуы мүмкін. Соған қарамастан жүректегі мейірімді
жоғалтпай, Абай атамыз айтқан «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өнегелі сөзін өз қағидамызға айналдыруымыз тиіс деп есептеймін. Себебі, материалдық байлық бүгін бар, ертең жоқ болуы мүмкін. Ал егер сіз рухани бай болсаңыз, ол байлықты сізден ешкім тартып ала алмайды.
3. Жоғарыда айтып кеткеніміздей облыс белсенділері арасында «Үздік жас ғалым» атанып жатырсыз. Өзге қандай қырларыңыз бар?
-Иә, менің жетістіктерім мұнымен шектеліп қалған жоқ. Ғылымнан бөлек, өз мамандығыма сәйкес поэзияға, прозаға деген қызығушылығым басым. Өз деңгейімде өлең, әңгіме жазып, шығармашылықпен айналысқанды ұнатамын. Сондай-ақ, университетте түрлі іс-шараларды ұйымдастыру, жүзеге асыру жұмыстарымен айналысатын белсенді студенттердің қатарынанмын. Жақында ғана облыстық «ARAI» жастар газетінің Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіндегі қоғамдық тілшісі атандым. Енді өз қабілеттерімді журналистика саласында сынап көру мүмкіндігі туып отыр.
4. Алда қандай жоспарларыңыз бар?
-Алға қойған жоспарлар өте көп. Бұйырса биыл қолымызға диплом алып, жас маман атанғалы тұрмыз. Ары қарай да оқуымды жалғастырып, өз ісімнің шеберіне, нағыз маманына айналу жолында еңбек еткім келеді. Жақсы жаңалықтарымды сіздермен тағы да бөлісіп тұрамын деген ниеттемін!
-Сұхбатыңызға рақмет!