1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнінде Жаңталап аулының тұрғыны 88 жастағы еңбек ардагері, ардақты ана Молдабекова Сәдікен апаның отбасына барған аудан басшысы Қанатбек Мәдібек бірлік күні мен және Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап қайтты.
90 жасқа таяп қалған қария аудан басшысының арнайы уақыт бөліп келгені үшін аналық алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Жоғары да тоқтала өткеніміздей еңбек ардагері, ардақты ана Сәдікен Молдабекова 1932 жылы бұрынғы Сталин атындағы елді-мекенінде дүниеге келді.
Басынан небір қиын-қыстау шақты өткізген, қарт ананың айтуынша сол кездегі Когонович орта мектебін бітіріп, жастық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына сәйкес келеді. Анасы Ақборықпен бірге сол кездегі Ұйым колхозының шарушылық жұмыстарына белсене араласады. Сол жылдардағы еңбегі еленіп 15 жасында арнайы (Орақ — балға) медальімен марапатталды. Мектеп бітірген соң Ұйым колхозында кітапханашы, «Қызыл отау» жұмыстарының саяси ағарту жұмыстарына араласыпты. 1954 жылы жолдасы Ақбетов Қоңырмен отау құрып 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.
Барлығына жоғары білім әперіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған бақытты ананың жолдасы Ақбетов Қоңыр да Ұлы отан соғысы жылдарында Моңғолия жерінде Холхин-гол әскери ұрыстарға қатысыпты. Соғыс кезінде Жопонияны жеңгені үшін «За победу над Японии» медалімен марапатталған.
Соғыстан кейінгі жылдары жолдасымен бірге Байқадам совхозында мал дәрігері болып еңбек етіпті.
Еткен еңбек, төккен тердің қашанда зая кетпесі анық. Молдабекова Сәдікен апаның да елеулі өмір жолдары еленіп, еңбек ардагері атанады.
Сондай-ақ, «Ұлы жеңістің 30 жылдығы», «Ұлы жеңістің 40 жылдығы», «Ұлы жеңістің 50 жылдығы», «Ұлы жеңістің 60 жылдығы», «Ұлы жеңістің 70 жылдығы» медалдарымен қатар Ұлы отан соғысы ардагерлеріне теңістірілген.
7 ұрпақ сүйген ардақты ана «Алтын алқа» медалінің иегері. Сәдікен апамыздың бүгінде айтар сөзі бар, ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны ерек.
Қазіргі кезде Сәдікен апа 15 немере, 20- шөбере сүйіп отырған болашақта тек жақсылық болып, ешқандай соғыс, тосыннан келген індет болмасын деп тілеу тілеп отырған ардақты әже.
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы.