Біз туып өскен Жамбыл облысындағы Сарысу ауданы, шежіреге толы. Аудан туралы жазылған тарихи-танымдық дүниелер мен естеліктерде, кітаптарда сөздің басы «Шежірелі Сарысу» деп басталады.
Бұл жөнінде жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Пернебай Дүйсенбиннің тарихи, деректік «Шежірелі Сарысу», аса көлемді тарихи, деректік, шежірелік, әдеби «Үркердей болып көшкен жұрт», «Сарысунама» кітаптарында кеңінен баяндалған.
Сарысу елі қыл қобыздың пірі атанған ұлы сазгер Ықылас Дүкенұлы, композитор, жазушы, өнертанушы, Илья Жақанов, театр саңлағы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, әншілер Амангелді Сембин, Сәуле Жанпейісова, ақын Маралтай Ыбыраев сияқты өнер қайраткерлерімен мақтанады.
Сонымен қатар, Сарысу топырағында кейінгі ұрпаққа өнегелі ісімен үлгі боларлықтай ағаларымыз бен апаларымыз дүниеге келіп, елі үшін аянбай еңбек етіп, ел тарихында алтын әріппен аттары жазылып қалды.
Негізінен, аудан халқы төрт түлік мал өсіруге ден қойған. Мал шаруашылығын өркендетудегі үздік табыстары үшін ауданның 15 майталман шопаны 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді. Көптеген еңбек майталмандары Кеңес Одағының жоғарғы наградаларына, орден-медальдарына ие болды. Осы кісілердің ауданды өркендетудегі ерен еңбектері өлшеусіз және кейінгі өскелең ұрпаққа тәрбие.
Аудан тарихына көз жүгіртіп, аға буын өкілдерінің Ұлы Отан соғысы кезіндегі майдан даласындағы ерлігі мен еңбек майданындағы ерен еңбегін еске алсақ, менің ойыма бір үйде өсіп-өнген, бір ұядан ұшқан қос қырандай болған Тілеміс пен Бектеміс әкелеріміз оралады.
Салыбаев Тілеміс 1912 жылы және оның інісі Салыбаев Бектеміс 1915 жылы Сарысу ауданында туған. Жастайынан еңбекке ерте араласып, қасиеті мол, ішсең сусын, кисең киім, жесең ет болатын төрт түлік малды қастерлей білген олар мал баққанды ұнатты. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін Сарысу ауданында Серго атындағы колхозда жұмыс істеді.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда екеуі де ер азаматтармен бірге қолдарына қару алып, елін қорғауға аттанды. Неміс басқыншыларына қарсы соғысып, Отанын қорғады.
Тілеміс әкеміз құралайды көзге атқан мергендігімен атқыш (стрелок) атанып, бірнеше рет медальдармен марапатталып, Бас қолбасшыдан мақтау алған. 1943 жылы Ленинград қаласын жау қоршауынан азат етуге қатасып, сол соғыста ауыр жараланып, елге оралды. Інісі Бектеміс майдан даласында өшпес ерліктің үлгісін көрсетіп, ерлігі үшін бірнеше орден-медальдармен марапатталып, 1945 жылы жараланып елге оралған. Жараланып елге оралған қос майдангердің ерліктері бірнеше орден-медальдармен аталып өтті.
Ағайынды екі майдангер де туған елге келген соң тұралап қалған ауылды көтеруге, көркейтуге бар күш жігерлерін сала кірісті. Екеуі де колхозда аға шопан болып еңбек етті.
1947 жылдары аудандағы қой-ешкі саны үлкен қарқынмен көбейіп, жазғы жайылымдар тарлық ете бастаған. Сол жылы ауданға Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов келіп, үлке алқалы жиын өткізіледі. Осы басқосуда ауданымыздың айтулы азаматы, көрнекті шаруашылық ұйымдастырушысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Болатбек Кариев Бетпақдала мен Сарыарқаны пайдалану турасында батыл ой айтады. Бұл жоғарғы басшылық тарапынан қолдау тауып, Бетпақдала арқылы Арқа жайлауына мал шығару басталады. Сарыарқа, Сарысу өзені, Бетпақдала, Шу бойы, Қаратау өңірлерінде аталарымның жүріп өткен жолы мен еселі еңбектерінің іздері қалды. Қыстың қақаған аязы, төпелеп жауған нөсер жаңбыр, жаздың шілдедегі ми қайнатқан аптап ыстығы, күз бен көктемнің кісі өңменінен өтетін қоңыр салқыны сияқты табиғаттың тосын мінездерімен бетпе-бет жүздесе жүріп еңбек етті. Арқа жайлауына мал шығару бастамасы оңайға соқпағанымен, тәуекелшілік тірлік өзінің оң нәтижесін берді. Малдар қоңды, ажарлы болды. Аудан малшылары мен бақташыларының баққан малдардың жалпы өнімдері мен көрсеткіштері аса жоғары болып, мемлекетке өткізілетін ет жоспары асыра орындалды. Аудан үлкен табысқа кенелді.
1949 жыл аудан еңбеккерлері үшін табысты жыл болды. Сол жыл Социалистік Еңбек Ері атанған 15 майталман шопанның арасында Салыбаев Бектеміс те жоғарғы марапатқа ие болды. Қазақстанда қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда, онымен алғаш айналысқандардың бірі еді. Аға шопан сол шақта қаракөл қойының басын өсіріп, оны асылдандыру, өнімділігін арттыру жолында аянбай жұмыс істеп, көптің көзіне ілінді. Осыдан кейін де оның табысты еңбегі мен жемісті ісі көбейіп, елін сүйген ардақты азамат жаңа бел-белеске көтеріле берді. Қарамағындағы 500 саулықтан жыл сайын 115-тен төл алып, қаракөл малының елтірісін жоғарғы сортты көрсеткішпен мемлекетке өткізіп отырған. Мал шаруашылығын өркендетудегі зор табыстары үшін 1949 жылы 12 шілдедегі СССР Жоғарғы Кеңесі Президумның Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды. Ол кісіге Ленин ордені мен «Орақ пен балға» Алтын жұлдызы қоса берілді.
Салыбаев Тілеміс қарамағындағы әр саулықтан жыл сайын 105-110-нан төл алып, қаракөл малының елтірісін жоғарғы сортты көрсеткішпен мемлекетке өткізіп отырған. 1958 жылы 29 наурыздағы СССР Жоғарғы Кеңесі Президумның Жарлығымен «Ленин» орденімен марапатталды. 1977 жылы 16 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Малын өрі үнемі үкілеп күтіп, аман сақгап отырған.
Алдындағы отарының қат-қабат шаруасының ығымен кейде елден шығандап шығып кетсе де, құлағын түрік ұстап ел жайына елеңдеп отырған. Көкірек көзі ояу атамыз жалпының жұмысына, ауылдың тыныс-тіршілігіне белсене қатысты. Қоғамдық мал шаруашылығын дамыту ісіне ағайынды Тілеміс пен Бектеміс Салыбаевтар сүбелі үлес қосып, өз ауданының, туған елінің атағы мен абыройын аспандата білді.
Тілеміс әкей 60-шы жылдардың соңына қарай Сарысу ауданы Ақтоғай ауылындағы ағайындарының ортасына келіп, ауылдың сыйлы, қадірменді қариясы болды. Жазда Көсегенің Көк Жоны аталған жайлауда кигіз үй тігіп, бие байлап, жастарға аңшылықтың да үлгісін көрсете білді. Жұбайы Алтынсары шешеміз (ауыл Әнтә апа деп атайтын) ауылға сыйлы, аузы дуалы, суырып салма ақын кісі болған. Келіндер тәрбиесіне, жастар тәрбиесіне аса мән берген.
Інісі Социалистік Еңбек Ері Салыбайұлы Бектеміс ұжымшарда, кеңшарларда аға шопан, кейінен зоотехник, ферма меңгерушісі болып жауапты қызметтер атқарды. Шопандардың республикалық, облыстық алқалы жиындарына қатысты. Зейнеткерлікке шықса да байыз тауып, қол қусырып отыра алмады. Өйткені, бүкіл өмірі еңбекпен өрілген, бар ғұмырын малға арнаған оның шаруаға қарай бүйрегі бүрыла берді. Совхоз малшыларымен жайлауда бірге жүріп, тәжірибесімен бөлісті, кеңесші болды.
Екі әкеміздің да жұбайлары Алтынсары және Рабиға шешелеріміз ер азаматтың орнына еңбек ететін еңбекқор, қажырлы, дастархандарынан кісі үзілмеген және отбасының ұйытқысы бола білген ардақты аналар. Ауылдың бар бетке ұстар азаматтары ер намысы – ел намысын қорғап, бәрі дерлік майданға аттанғанында ер азаматтардың орнын басып, тылда еңбек еткен тыл ардагерлері.
Адам өмірінің мәні мен мағынасы неде? Әрине, оны алдымен артына өшпестей өнегелі із қалдыру деп түсінеміз. Ал, ағайынды Салыбаевтар осындай орнықты биіктен жұлдыздай жарқырап көрінген тағлымы мол тамаша тұлғалар еді.
Алдынғы қатарлы ағаларды, аға буын өкілдерін еске алып, үлгі етіп ұсынып отырсақ, кейінгі ұрпақ үшін берері көп, пайдасы мол.
Алтын кітапқа аттары жазылған майдангер әкелеріміздің, Еңбек ерлерінің сол ерліктері бүгінгі жеткіншектер үшін аңызға айналғандай.
Асан Тілемісов, Сарысу ауданы