Тұрар Рысқұлов ауданында Жамбыл облысы әкімдігінің тапсырмасына сай желілік кесте жоспарымен «КӨРПЕ FEST» ұлттық қолөнер бұйымдары фестивалі өткізілді , — деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Фестиваль аясында шеберлік сағаты, қолөнер бұйымдары көрмесі өткізілді.
Фестивальдің негізгі мақсаты-аналар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау бойынша тәжірибе алмасу;шеберлік сағатын өткізу, жас ұрпақ пен жас аналар арасында қолөнер бұйымдары/көрпе құрау, жасау жабдықтарын тігу, кесте тігу, өрмек тоқу/ бойынша мастер-класс өткізу арқылы бос уақытты тиімді пайдалануға баулу.
Фестивальге әр ауылдық округтен қолөнер шеберлері,қолөнер үйренуге бейім жас аналар, жастар мен жасөспірімдер шақырылды.
Тұңғыш Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында елімізде ауқымды шаралар атқарылып, көп жұмыстар жүргізілуде. Елімізде ұлттық құндылықтар ұлықталып, ата-баба дәстүрі мен әдет-ғұрпын заманауи үрдісте өмірімізге енгізу белең алды. Ұлттық қолөнер мен ән-күй, биімізді ұлықтап, өзгелерге танытуда ауданда да бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Қолөнер – халқымыздың қасиеттімен ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан мұрасы. «Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» — деген халық даналығы.Сондықтан ұрпақтан -ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнерді қадірлеу, дамыту, оны келешек ұрпаққа табыстау -басты парыз.Өзге халықтар сияқты қазақтың да қолөнер шеберлігін үйретуде ерте заманнан бері жиып-терген мол тәжірибелері бар. Қазіргі кезде сол ұлттық қолөнерді жас ұрпақтың бойына дарытатын, үйрететін ел үшінде қолөнер шеберлері атанған жандар аз емес. Солардың арасында Сағымбекова Тұрсынкүл, Байкулова Кенжекүл, Курманхожаева Кадирбуби, Доскожаева Айгүл, Айымбекова Гүлнар, Татаев Жанай, Шыныбекова Нағима, Ұлтанбаева Әлия сынды қолөнер шеберлері өз туындыларымен таныстырып, жасалу жолдары туралы шеберліктерімен бөлісті. Сонымен қатар аудандық тарихи-өлкетану музейі, аудандық балалалар мен жасөспірімдер орталығы мен «Өнер» мектебі ұстаздар ұжымы мен шәкірттері дайындаған қолөнер бұйымдарының көрмсесі таныстырылды.
Фестиваль жұмысын қорытындылап, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы Л.Ш.Өтеулиева шеберлеріне аудан әкімдігі атынан алғыс білдіріп, марапаттады. Фестиваль аясында М.Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән салып, жырдан шашу шашты, дөңгелене би билеп, фестивальдің көрігін қыздырды.
Ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі ұлттық бай қазынамызды ұлықтауға ерекше маңызға ие. Осы арқылы жас ұрпақты бай рухани мұраны атадан-балаға жеткізудегі дәстүрлі өнер шеберлерінің еңбегі насихатталып, оны ары қарай жалғастыру туралы келелі ұсыныстар берілді.