Жергілікті тұрғындардың талап-тілектерін тыңдау, болған жағдайда мәселелерін дер кезінде шешу мақсатында ауыл тұрғындарына көшпелі қабылдау бүгін Бетқайнар ауылдық округінде жалғасын тапты, — деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Аудан әкімі Р.Дәулет бастаған жергілікті атқарушы орган өкілдері бүгін №7 Бетқайнар колледжінің алдында тұрғындарды қабылдады. Көшпелі қабылдауға келген ауыл тұрғындарының көпшілігінің көтерген мәселелері ауылішілік жолдар, әлеуметтік көмек, тұрғын үй алу, кәсіпкерлікті жүргізу, жер телімін алу мәселелері бойынша өз өтініштерін білдірді.
Қабылдауға келген барлық азаматтардың өтініштері жедел қаралып, тиісті мекеме, бөлім басшылары тұрғындарға заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мәселелері оң шешімін тапты. Бүгінгі қабылдауға жалпы 46 ауыл тұрғыны қайырылып, оның ішінде 18 азаматқа заң аясында түсініктеме берілді, 25 азамат қанағаттанып, 3 тұрғынның сұрағы бақылауға алынды. Ертең дәл осындай форматтағы кездесу Жамбыл ауылдық округінде жалғасын табатын болады.
Сондай-ақ, шешімін таппаған, зерделеуді қажет ететін мәселелерді толық әрі сапалы шешу бойынша аудан басшысы нақты тапсырмалар жүктеді. Айта кетейік, көшпелі қоғамдық қабылдау билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, тұрғындар арасында күнделікті шешімін таппай жүрген түйткілді мәселелерді шешу мақсатында ұйымдастырылып отыр.