Жамбыл облысында инвеститциялық жобаларға арналған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталық ашылады
Жамбыл облысында өткен жылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиіс 238 жобаның бірыңғай базасы құрылған болатын. Ал биыл инвестициялық жобаларды зерттеу, оқыту және кеңес беру, сараптау және іске асыруды бағалау бойынша қызметтер көрсететін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталық ашылады. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында айтылды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері денсаулық сақтау, білім беру, спорт, туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік беруде. Тиісінше, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы да жақсара түсуде. Мәселен, осы әдіс арқылы №1 қалалық ауруханасына ангиограф, ал Шу аудандық ауруханасына компьютерлік томограф алынған. Бизнес пен мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың арқасында балабақшалар санын көбейту мәселесі де тиімді шешілуде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидатына сәйкес, мектепке дейінгі білім берудің мемлекеттік тапсырысына жеке меншік балабақшалар да қатысады. Биыл төрт балабақша мемлекеттік білім беру тапсырысын орындамақ. Білім беру саласында мектеп асханаларын жаңғырту мақсатында оларды сенімгерлік басқаруға беру туралы 6 шартқа қол қою жоспарлануда.
Сондай-ақ, облыс орталығы көшелерін энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдармен жабдықтау мақсатында энергетика саласында келісімге қол жеткізілген. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ.Айта кетейік Бүгінде МЖӘ аясында қоғамдық көліктерде электронды билеттендіруді енгізу және аялдамаларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бердібек Сапарбаев тиісті жұмыстарды кестеден кешіктірмеу керектігін еске салды. Жиынға қатысушылар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығын ашуды ұсынды. Облыс әкімі бұл жобаны қолдап, барлық қажеттіліктерді жан-жақты зерделеуді тапсырды.
— Кәсіпкерлердің МЖӘ аясында жұмыс істеуге ұмтылыстарын арттыру үшін барлық жағдай жасалуы тиіс.
Бұл механизм бюджетке түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, бизнесті дамытуға да өзінің оң ықпалын тигізбек. Атап айтсақ, экономиканы дамыту, қосымша жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік бермек,-деді аймақ басшысы.
Айта кетейік бұл орталық инвестициялық жобаларды зерттеу, оқыту және кеңес беру, сараптау және іске асыруды бағалау бойынша қызметтер көрсететіндігін алға тартты. Қазір бұл қызметтерді алу үшін басқа қалаларға баруға тура келеді.