Облыс әкімі өңір тұрғындарына үндеу жолдады

0 6

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңір тұрғындарына үндеу жолдады, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Құрметті жамбылдықтар!

Коронавирус пандемиясына қатысты жағдайды алдын-ала болжап, білу мүмкін емес.

Еліміздің барлық аймақтарында ауру жұқтырған адамдар саны күн сайын көбейіп келеді.

Вирус біздің күнделікті тұрмыс-тіршілігімізді қатты өзгертті. Көптеген елдердің экономикасын тоқырауға ұшыратты. Денсаулық сақтау жүйелерін бұзды.
Көптеген кәсіпорындар мен ұйымдардың күнделікті жұмыс режимін өзгертуге, тіпті тоқтатуға дейін мәжбүрледі.

Вирус – онымен алдыңғы шепте күресіп жатқан барлық адамдарға ауыр тиді. Олар медицина қызметкерлері, әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер.

Өкінішке орай, біздің өңірдің тұрғындары вирустың бар екендігіне сенбей, карантин талаптарын ескермей, отбасылық немесе жаппай шаралар ұйымдастырып жүр. Осыған байланысты ауру жұқтырғандар күн сайын артып келеді.

Кеше өткен мәжілісте Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдеріне инфекцияның тез таралу қаупін болдырмау, халықтың денсаулығын барынша сақтау міндетін қойды.
Осы мақсатта санитарлық бас дәрігердің ұсынысы бойынша Жамбыл облысында жаңа шектеу шаралары енгізілетін болады.

Тиісті шаралар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткізілетін болады.

Аталған профилактикалық шараларды қабылдау коронавирустың үлкен масштабта таралуын тоқтатуға, азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Өңір халқын енгізілетін шектеулер мен ұсыныстарға түсіністікпен қарауды сұраймын.
Бұл, ең алдымен, сіздердің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Біз ағымдағы жағдайдың күрделі екенін түсініп, тиісті сақтық шараларын қолдансақ, аталған шаралар нәтижелі болады.
Біз өзіміздің жақындарымыз бен жанымызда жүрген адамдар үшін жауапты екенімізді ұмытпайық.  Ынтымақ пен ауызбіршіліктің арқасында жайлы, әрі бақытты кезең орнайды деп сенемін. Халық күнделікті өмір салтына оралатын болады. Коронавирус пандемиясы міндетті түрде аяқталады.

Ал, біздің алдымызда Жамбыл облысының өсіп-өркендеуі жолында көптеген жұмыстар күтіп тұр.

Құрметті жамбылдықтар, дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.