Еңбек адамы – ел байлығы

0 5

Қазақ халқы үшін адал еңбек пен маңдай тер – ең үлкен құрмет. Осындай еңбегімен елге үлгі болып жүрген азаматтардың бірі – мал шаруашылығымен айналысып, ата кәсіпті дамытып отырған «Байелі болыс» шаруа қожалығының төрағасы Жұмасейіт Нұрбаев. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, екі жоғары оқу орнын тәмамдаған, білімі мен тәжірибесі тоғысқан азамат.
Зейнет жасына шықса да, Жұмасейіт Асаналыұлы бүгінде оннан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ол ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерге белсене араласып, баспасөз бетінде пікір білдіріп келеді. Саланы терең білетіндіктен, оның ой-пікірлері қашанда өзекті.
– 25 жылдан астам уақыт бұрын бауырларыммен бірге жеке шаруа қожалығын құрдық. Алдымен қой бақтық, кейін жылқы шаруашылығына бет бұрдық. Асылтұқымды жылқыларды еліміздің өзге өңірлерінен және шетелден әкелдік. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруамыз өрге басты, – дейді ол.
Бүгінде қожалықта мыңға жуық жылқы бар. Жыл сайын 4 мың тоннаға жуық мал азығы дайындалады. Қазақтың «жабы» тұқымды жылқылары өсіріліп, ет пен сүт өндіру жолға қойылған. Дегенмен, ет бағасына қатысты мәселе әлі де өзекті. Делдалдардың әсерінен баға бірнеше есе өсіп отыр. Осыған байланысты облыс орталықтарында көтерме-тарату орталықтарын құру қажет деген ұсыныс айтылады.
Жайылым мәселесі де толық шешімін таппай отыр. Иесіз жатқандай көрінетін жерлердің нақты иелері бар, бірақ олар инфрақұрылымға инвестиция салуға асықпайды. Ал бұл алқаптарды игеру – мал басын көбейтудің үлкен мүмкіндігі.
Мал шаруашылығы – табысты сала. Әлемде етке сұраныс жоғары, ал Қазақстан экологиялық таза өнім өндіруге толық қабілетті. Соған қарамастан, бүгінде ең өзекті мәселенің бірі – малшы тапшылығы. Жастардың бұл кәсіпке келмеуінің басты себебі – әлеуметтік жағдайдың төмендігі.
Бұрын малшылардың балалары интернатта оқып, ата-аналары алаңсыз еңбек ететін. Қазір мұндай жүйе жоқ. Сондықтан жайылым маңындағы елді мекендерде малшылардың балаларына арналған интернаттар ашу, малшыларға лайықты жалақы, тұрғын үй, медициналық қызмет көрсету қажет.
Субсидия да тікелей мал бағушыға жетуі тиіс. Еңбегі еленбеген адам бұл салада тұрақтамайды. Малшыға жағдай жасалса, ауылдағы жұмыссыздық та азаяр еді.
Қорыта айтқанда, еңбекқорлық пен кәсібилік – қоғам дамуының негізі. Еңбек адамы – дихан болсын, малшы болсын, жұмысшы болсын – бәрі де құрметке лайық. Президент бастамасы осы құндылықтарды қайта жаңғыртып, еңбек адамын қоғамның басты тұлғасына айналдыруды көздейді.
Адал еңбекпен табысқа жеткен жандар – елдің нағыз тірегі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.