Қордай ауданы әкімі Рүстем Дәулет бүгін карантиндік режимді ескере отырып, жергілікті тұрғындарды онлайн форматта қабылдап, кезекті кездесуін өткізді, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық пен билік арасындағы ашықтыққа аса мән беріп келеді. Осыған орай, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі кезде бұл тұжырымдама ел арасында үлкен қолдау тауып, жергілікті жерлерде тиімді іске асып келеді.
Маусым айында ауылдық округтерге өзі арнайы барып, ауыл тұрғындарының мәселелерін жекелей қараған аудан әкімі Р.Дәулет бүгін Жамбыл және Қордай ауылдарының тұрғындарымен бейнебайланыс арқылы тілдесіп, мәселелерін тыңдады.
Қабылдауға жазылған азаматтардың көтерген мәселелері тұрғын үй мен жер телімін алу, әлеуметтік көмектер және ауылішілік жолдың жағдайы болды. Аудан басшысы азаматтарға Заң аясында түсініктеме беріп, тиісті бөлім басшыларына зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Өз кезегінде тұрғындар аудан әкіміне алғысын білдіріп, жұмысына табыс тіледі.
Айта кету керек, елімізде төтенше жағдай жарияланған кезеңнен бастап аудан әкімінің азаматтарды қабылдауы тоқтатылып, тұрғындардың жазбаша арыз-шағымдары аудан әкімі аппараттың ресми электрондық поштасы және әкімінің жеке блогы мен Электрондық үкімет порталы арқылы қабылдануда. Барлық азаматтарға Заңмен белгіленген мерзімде жауаптары берілуде