Тұрғындардың тұрмыстық табысы артады

0 0

Жамбылда басталған пилоттық жоба ауылдағы ағайынның тіршілігіне серпін бере бастады. Өміріне жаңаша леп енген адамдар табыс көзінің кілтін тауып, білек сыбана еңбек етуге кіріскен. Қордай ауданындағы Жамбыл ауылдық округі тұрғындары төмен пайызбен ұсынылған несиеге қораларына мал кіргізіп, бақшаларына сепкен дақылдың жемісін көруде,-деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Жобаның бірінші бағыты үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану болатын. Ауылда 950 аула қатысып, жалпы 62 гектар жер игерілді. Тұрғындар аулаларына картоп, қияр, сәбіз сынды дақылдарды отырғызып, алғашқы өнімдерін жинай бастады. Ал, оларға көмек беру үшін құрылған «Жаңатұрмыс-Бірлік» ауыл шаруашылығы кооперативі тұрғындарға қажетті тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын беріп, қолдау көрсетуде. Әр аулаға арықпен су келіп, бақшадағы дақылдарды суғару айтарлықтай жеңілдеді. Осылайша тұрғындар алғашқы өнімді жинап та үлгерген.

Өмір бойы былғары зауытында еңбектенген Эйдар Насыров бүгінде зейнеткер. Демалысқа шыққанына қарамастан үй іргесіндегі 10 сотық жерге әр түрлі дақыл сеуіп, табыс тауып келеді. Жақында ол жоба аясында 500 мың теңге несие алып, көкөніс егумен айналысуда. Бұл қиын істе оған жұбайы Марина көмектесуде. Олардың бақшасында алуан түрлі дақылдар отырғызылған. Ұқыпты қазылған жүйектерде қияр, орамжапырақ, қызанақ, картоп, тағы басқасы жайқала өскен. Бағбан тамшылатып суғару әдісін қолдануды үйренген. Ол үшін 30 метрден бұрғылап су шығарып, 5 текше метрлік ыдысқа жиналады. Зейнеткер барлығын өз қолымен жасаған. Тіптен көшеттерге арнап кішігірім жылыжай құрастырып қойыпты. Бүгінде қос зейнеткер алғашқы дақылдарын орталықтағы дүкендерге өткеруде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.