Бүгін Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет бастаған басшылық өкілдері Қаракемер ауылына барып, ашық аспан астында қоғамдық қабылдау жүргізді, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнап, онда күрмеуі қиын және өзекті мәселелерді көтеріп, Үкіметке жаңа талап пен міндеттерді жүктеді. Бұл жолғы Жолдауда да Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сөз етіп, оның әділетті мемлекет құрудағы басты бағыттардың бірі екенін дөп басып айтты.
Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзінше билік әрдайым бұқараға жақын болуы керек. Әрбір басшы халықтың талап-тілегіне, проблемаларына дереу жауап қатып, әр азаматтың мәселесін шешуге барынша ұмтылуы тиіс. Бізді қуантатыны, айтылған сөз іс жүзінде де жүзеге асырылып келеді.
Бұл күні өз проблемасын арқалап келген әр ауыл тұрғыны осы жерден дереу шешу мүмкіндігіне ие болды. Себебі, қоғамдық қабылдауға аудан әкімдігінің барлық дерлік бөлім басшылары, әр түрлі мекеме басшылары және құқық қорғау органдардың да басшылары келді.
Тұрғындардың тілегі мен сұраныстары әр түрлі болды. Біреуі көптен бері құжаттарын реттестіре алмаса, ендібіреуі жер мәселесін шешіп беруді сұрады. Әрине, әлеуметтік және медицина саласына қатысты мәселелер де айтылды. Бұл күні әр азаматтың сауалына тиісті жауап беріліп, бағыт-бағдар және ақыл-кеңес берілді. Басшылық өкілдерінің келуі ауыл тұрғындары үшін тиімді әрі орынды болғаны рас. Себебі, бір тұрғын қарапайым заң аясында ақыл-кеңеске мұқтаж болса, екіншісіне түрлі жағдайға байланысты аудан орталығына қатынауы қиын. Ендігі кезекте осындай қоғамдық қабылдаулар өзге де ауылдарда өтетін болады. Е. Катбеков.