Әулиеата өңірінде қазақы дәстүр қайта жаңғырды

0 5

Әулиеата өңірінде қазақы дәстүр қайта жаңғырды. Ауылдағы қауым асарлатып үй салып, игілікті істің тегершігін дөңгелетуде. Аудандарда жалғасқан асардан мойынқұмдықтар да қалыс қалған жоқ. Биназар ауылындағы ағайын үш балалы отбасыға көмек қолын созды,-деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Облыс әкімінің бастамасы арқылы жүзеге асып жатқан асар жобасы арқылы енді осы Болысбаевтар отбасы секілді қаншама жанұя баспаналы болады. Бұл өте жақсы дүние дейді Биназарлықтар. Сондықтан, қазір жұмыс қарқынды жүргізілуде. Ауыл жастары кірпіш құйып көмектессе, қариялар да осында келіп, ақылдарын айтуда.

— Көпшілік жиналса, бітпейтін тірлік жоқ. Қасиетті өлкеде биыл өте жақсы жоба қолға алынды. Қазақ халқы жетім мен жесірді жылатпаған, қорғансызға қамқор болған ел. Міне ескі дәстүр қайта жаңғырып асарлатып үй салып жатырмыз. Бұл баспана шиеттей бала шағасы бар өте мұқтаж отбасына беріледі. Сауап іс ,-дейді Биназар ауылының ардагері Мамыр Қажымжанов.

Ауыл үлгілі болып алынғандықтан қазір мұнда карантин талаптары сақтала отырып түрлі іс-шаралар өтуде. Солардың бірі патриоттық тәрбие беретін «Бабалар ұлағаты- ұрпақ аманаты» іс-шарасы. Онда Бизанар ауылының тарихы мен бүгіні, туған жер тақырыбында патриоттық әңгімелер айтылды.

— Биназар ауылы «Үлгілі ауыл» жобасына қатысушы. Біз әрине мақтан тұтамыз. Тарихы да тым тереңде жатыр. Бүгінгі шара жастарды Отансүйгіштікке, елге қызмет етуге үндейді,-дейді мәдениет үйінің меңгерушісі Оразқан Тәжіқанұлы.

Үлгілі ауылдың өз ардагерлер кеңесі, халықпен сайланған төбе биі бар. Қариялар аптасына бір рет ауылдың жағдайы жөнінде жергілікті әкімдікпен уағдаласып отырады. Биназарда инфроқұрылым мәселесі де оңтайлы шешілуде. Ауылда Мойынқұмның өзге өңірлерімен салыстырғанда қылмыс саны да аз. Енді міне, асарлатып үй салу жобасында да олар бірлік танытуда.

— Ауданымыздағы әрбір елді-мекен бұл жобадан шет қалған жоқ. Барлығында бір бір үй салынып жатыр. Қазір құрылыс жұмыстары белортадан асыып қалды. Күн суытпай мұқтаж отбасылар баспаналарына кіретін болады,-дейді аудан әкімі Мәден Мұсаев.

Асарлатып үй салу жобасы бойынша Мойынқұм ауданының өзге ауылдарын қоса есептегенде биыл 8- үй пайдалануға беріледі. Ал, келер жылы ол өңірдің барлық елді мекендерін қамтымақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.