Рүстем Дәулет қарттарды мерекесімен құттықтады

0 22

Бүгін Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет пен орынбасары Бейқұт Жамангозов және аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов «Қарттар үйіне» барып, Қарттар күнімен құттықтады, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Қариясы бар елдің қазынасы бар. Қарттарымыз еліміздің көзі тірі шежіресі десек артық айтқандық емес. Ел дамауына барлық өмірін арнап, тер төккен ардагерлер барынша құрметтеліп, асқақтатылуы тиіс. Себебі бүгінгі ұрпақ қариялардың алдында қарыздар. Осы қасиетті парызды ұмытпай қарияларға құрмет көрсету үшін елімізде арнайы «Қарттар күні» мерекесі аталып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жыл сайын үзілмейтін жақсы дәстүрге айналған.

Биылда сол игі іс жалғасын тауып, ауданынның әр ауылында қарияларға құрмет көрсетіліп, әр түрлі іс-шаралар өтуде.

Қариялардың денсаулығына алаңдаған басшылық санитарлық талаптарға барынша көңіл бөліп, құттықтау форматын біраз өзгертті. Біріншіден Рүстем Рысбайұлы қарттардың хал-жағдайын сұрастырып, арнайы сыйлығын тарту етіп, олардың тілектеріне де құлақ түрді.

Сіздер кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанымызға адал қызмет етуге, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретіп келдіңіздер. Мемлекет еш уақытта сіздерді қамқорсыз қалдырмайды, біз қарияларымыздың алдында қарыздармыз, – деді аудан әкімі.

Аталмыш мекемеде 14 қария бар. Оларға 14 қызметші кезегімен қызмет етіп, қамқорлық жасайды. Қарттар үйінде қолайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Арнайы күн тәртібі, дәмді 4 мезгілдік тамақ пен медициналық көмек те қарастырылған.

Бұл күні игі іс-шаралар легі жалғасын тауып, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері Қордай ауылының біраз тұрғындарының үйіне барды. Арнайы дайындалған азық-түлік себеттерін тарту еткен әкімдік мамандары басшылықтың құттықтауын да жеткізді.

Сондай-ақ, аймақ басшысы аудандағы бірқатар ардагерлермен жүздесіп, мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Жалпы мереке күні аудан бойынша 128 қартқа азық-түлік себеті таратылды. Азық-түлік себеттеріне жергілікті бюджеттен 635,0 мың теңге қаражат бөлінгенін атап өту керек. Сонымен қатар, демеушілердің және ауылдық округ әкімшіліктерінің көмегімен де қайырымдылық көмек көрсетілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.