Жамбыл ауданындағы М.Төлебаев атындағы өнер мектебінде ұстаздар күніне арналған салтанатты жиын болды. Аудан әкімі Сәкен Арубаев білім саласы қызметкерлерін төл мерекемен құттықтап, сый-сыяпатын ұсынды, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Қай қоғамда болмасын адамзат үшін ең қажетті, ең киелі екі мамандық иесі бар. Оның бірі дәрігер болса, екіншісі – ұстаз. Білімді дәрігер – тәннің шипагері, білікті ұстаз – ой-сананың бапкері. Тәлім-тәрбие – ата-анадан, оқу-білім – ұстаздан. Осы екеуі сәйкес келсе, өскелең ұрпақтың жұлдызы жанып, мәртебесі биіктейді. Жалпы, ел ертеңі бүгінгі ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген ұстаздар қандай құрметке болсын лайық.
– Ұстаз – қоғамдағы ең құрметті де қадірлі мамандық. Өйткені, адами қасиеттерді бойына сіңірген шынайы ұстаз өз шәкірттерінің жүректерінде білімге деген құштарлықты және Отанына деген сүйіспеншілікті оятады. Ауданның білім беру жүйесін дамытуға, еліміздің болашағы – білімді ұрпақты тәрбиелеуге қосқан еселі еңбектеріңіз ешқашан елеусіз қалмайды. Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Оқушыларыңызға берген білім мен тәрбие қашанда алдарыңыздан сәттілік пен алғыс ретінде шыға берсін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік, ұстаздық жолда шығармашылық табыстар мен жетістіктер тілеймін, – деді Сәкен Қаланұлы.
Салтанатты шарада өңір басшысы Шайқорық орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Нұршакүл Сапарбаеваның кеудесіне «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақса, Б.Тайшапұлы атындағы орта мектептің директоры Рина Жұмаділоваға Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатын, В.Чкалов атындағы орта мектеп бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Эльмира Құндыбаеваға ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Жамбыл облыстық бірлестігінің Құрмет грамотасын, Бірлесу-Еңбек орта мектебі география пәнінің мұғалімі Балдыкүл Сүгіроваға, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зульфия Қалматаеваға, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Гүлжан Оспановаға облыс әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасын табыс етті. Ал, Гродеково орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мейрамкүл Байназарованы, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Гүлмира Шиналиеваны аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Жыл қорытындысы бойынша Антон Макаренко атындағы орта мектеп «Үздік мектеп», «Нұршуақ» бөбекжай-бақшасы «Үздік балабақша», Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Самал Байкеева «Үздік педагог» номинациясымен марапатталды.
Жалпы, білім саласы жыл сайын жаңғырып, дамып келеді. Жаһанданып бара жатқан мынау төрткүл дүниеде білімдінің ғана аты оза шабатыны белгілі. Бұл ретте ауданда да білімді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын, соның нәтижесінде мектеп түлектерінің ҰБТ қорытындысы бойынша жыл сайын жоғары балл жинап жатқанын айта кеткен жөн.
Мерекелік кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.