Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Олжас Баққараевтың жетекшілігімен арнайы шұғыл топ кезекті рет рейдке шығып, Бектөбе ауылындағы азық-түлік дүкендеріне бас сұқты, деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Елімізде қауіпті індетті жұқтырғандардың саны күннен-күнге көбеюде. Бұл жайт бәрімізді алаңдатып қана қоймай, сақтық шараларына немқұрайлы қарауға болмайтынын аңғартып жатқандай.
Қауіпті індетпен күрес жалғасқанымен, азаматтарымыздың қазіргі жағдайға түсіністік танытуы, жауапкершілікпен қарауы қажет-ақ. Жағдай бақылауда болғанымен, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаратын кез бұл. Барлығы өзімізге байланысты. Індетті еңсерудің тетігі өзімізде. Ол – шектеу шараларын сақтау, талапты орындау, тәртіпке бағыну.
Мобильді топ түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша ескерту жасады.
Алаңдатарлығы сол, сауда нысандарында белгіленген тәртіп толық сақталған деп айту қиын. Топ мүшелері аралаған дүкендердің кейбірінде қорғаныш заттары орнында емес, кейбірінде ішкі санитарлық тәртіп сақталмаған. Арасында бетпердесіз саудасын жүргізіп жатқан сатушы да, келуші де бар.
Сауда нысандарындағы бұл көріністі құп көрмеген Олжас Елебекұлы дүкен иелеріне, сатушыларға, келушілерге:
«Елдегі жағдайды білесіздер. Сақтық шараларын сақтау шарт. Тәртіп – бәрімізге ортақ. Тәртіпке бағынбай, талапты орындамайтын азаматтарға айыппұл салынады. Денсаулығымыз үшін өзіміз жауапты болуымыз керек. Сақ жүруіміз қажет», – деді.
Рейд барысында дүкен иелеріне анықталған кемшіліктерді жою бойынша ескерту жасалса, бетпердесіз жүрген бір келушіге хаттама толтырылды.