Жылдың соңы – тек есеп жүргізіп қана қоймай, кемшіліктерге қайта жол бермеу үшін оларды жою және алдын-алу жолдарына назар аударатын уақыт. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен облыстық перинаталдық орталықта өткен кездесуде денсаулық сақтау саласындағы жағдайдың барысы сараланды, деп жазады “ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге облыстағы денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары қатысты. Сондай-ақ, бейнеконференц-байланыс режимінде аудандық ауруханалардың қызметкерлері де қосылды.
Басқосуда денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев денсаулық сақтау саласын дамытуға 90 миллиардтан астам теңге бағытталғанын айтты. Облыстық көпбейінді аурухана базасында дұрыс тамақтану орталығы, көпбейінді балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Жедел жәрдем машиналары GPS навигациясымен жабдықталған. 18 реанимобиль, 8 жылжымалы медициналық кешен және 70 санитарлық автомобиль сатып алынды. 1 069 079 тұрғынның электрондық денсаулық паспорты рәсімделген.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 10 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден, 4 нысан ағымдағы жөндеуден өткен.
— Өкінішке орай, жалпы ана өлімі, онкологиялық аурулардан болатын өлім — жітім көрсеткіші артып отыр, — деді Әсет Қалиев.
— Көптеген жас аналар не істерін, кімге жүгінерін білмейді. Дәрігерлер жүкті әйелдердің есебін жүргізіп, олардың уақытылы тексеруден өтуін қадағалауы керек. Осы тұрғыда маған цифрландыруды енгізу туралы есеп берілді. Демек жүкті әйелдер туралы барлық мәліметтер қол жетімді. Тек осы мәліметтермен жүйелі жұмысты ұйымдастыру қажет, — деп облыс әкімі Әсет Қалиевке тапсырма жүктеді.
Коронавирустың ықтимал екінші толқыны туралы айта келе, А.Қалиев оған барлық медициналық мекемелердің 100 пайыз дайын екендігіне сендірді.
Коронавирустың екінші толқыны кезіндегі аурушаңдықтың қарқындылығы дәрігерлердің жедел жұмысына байланысты болмақ, — деді аймақ басшысы.
Коронавирустың жағдайына байланысты «қызыл», «сары» және «жасыл» секілді үш деңгей анықталды. Жалпы 4000-нан астам төсек-орын әзірленген десек, ал дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталған. Жаз айымен салыстырғанда қазір медициналық жабдықтардың саны артқан.
Тағы бір маңызды мәселе – медицина мамандардың жетіспеушілігі. Облысқа 194 жас маман келсе, оның 76-сы Тараз қаласында, 118-і аудандарда жұмысқа орналасқан. 98 маманға әлеуметтік көмек көрсетіліп, 15-і тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
— Тараз қалалық көпсалалы аурухана базасында С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылатын болады. Соның нәтижесінде, тар бейінді мамандардың тапшылығы мәселесі шешілуі тиіс, — деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, келер жылы онкологиялық орталық ашылмақ. Оның жанына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көпсалалы аурухана бой көтереді.
Жамбылдықтар басқа қалалар мен елдерге сабылмай, барлық медициналық қызметтерге осы жерде қол жеткізуі тиіс, — деді Б.Сапарбаев.
Ақ халаттыларды келер жылы өңірде дәрігерлерге арналып қызметтік үй салынады деген жағымды жаңалық қуантты.
— Басқа өңірлердің тәжірибесін негізге ала отырып, мұғалімдер мен дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді жүзеге асырамыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең — кезеңімен арттыру жоспарлануда, — деді облыс әкімі.
Б. Сапарбаев барлық қабылданып жатқан қолдау шараларына қарамастан, денсаулық сақтау саласының қазіргі жай-күйі көңіл көншітпейтінін баса айтты.
— Жамбылдықтар арасында қоғамдық сауалнамалар үнемі өткізіліп тұрады. Негізінен олар дәрігерлерге, мектеп директорларына, азық-түліктің қымбаттауына, коммуналдық қызметтердің жұмысына қатысты жиі шағымданады. Тұрғындар маған әлеуметтік желілерде дәрігерлер уақытылы медициналық көмек көрсетпейтінін айтып, жүгінуде. Бұл орайдағы басты мәселе, әрине – бюрократия. Осылардан кейін медицинаны цифрландыру дамып жатыр дегенге сену қиын, — деді облыс әкімі бас дәрігерлерге.
Ол оларға әрбір өтініштің арнайы комиссиямен қаралатынын ескертті. Кінәлілер жауапкершілікке тартылмақ.
— Дәрігерлер науқастарды ары-бері сабылтып, жағдайын одан әрі нашарлата түседі Ауыл тұрғындары облыстық ауруханалардың оларды аудандық ауруханаға қайта жіберетініне шағымданады. Палаталар суық. Сіздерге мұндай өзімбілемділікке салынуға кім жол берді? Олар маған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы да жазуда. Бұл өтініштердің барлығы егжей — тегжейлі зерделенетін болады, — деді облыс әкімі.
Ол бас дәрігерлерге нақты сауалдар жолдап, жауап берулерін талап етті. Олар қарамағындағылардың жіберген қателіктерін ақтауға тырысты.
— Бас дәрігер деген өз жұмысына жаны ашып, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибелі басшы болуы керек. Дәрігерлердің басты міндеті – өз антына адал болуы керек. Неліктен науқастар сіздің артыңыздан жүгіруі керек? Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатаны мемлекет» тұжырымдамасы дәрігерлерге қатысты, — деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.