«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым». Осындай атаумен Жамбыл облысында республикалық ақындар айтысы өтеді. 26-шы ақпанға жоспарланған сөз сайыс онлайн форматта болады. Бұл туралы бүгін ӨКҚ ақпарат алаңында oблыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева айтты.
Брифинг барысында Сара Қабылбекқызы жыр жампозы Жамбыл Жабаевқа арналған апталық аясында өткен шараларға тоқталып өтті. Шарапаты мол шаралар легі енді аламан айтыспен жалғасын таппақ. «Баласағұн» сарайында болатын дүлділдер додасына өзге өңірлер мен Жамбыл жерінен жалпы саны 20 ақын қатысады, яғни 10 жұп айтысатын болады.
Айтысты ақын, еліміздің Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Жүрсін Ерман жүргізбек. Басқарма басшысы айтысқа қазылық ететін азаматтарды да атап өтті. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, әнші-композитор, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай бар. Сондай-ақ айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бауыржан Халиолла, журналист, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт және айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков сөз сайысқа баға беретіндер болып белгіленген.
«Биылғы жылы алдымызда бірқатар міндеттер тұр. Оның бастысы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын жоғары деңгейде атап өту. Аса көрнекті тұлғалардың мерейтойлары мен атаулы күндер – азаматтардың ұлттық және тарихи өзіндік санасының дамуына елеулі ықпал ететін қоғамның мәдени өмірінің маңызды бөлігі» деп атап өтті С.Мадиева.