Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, өлеңдері философиялық ой-түйінімен, айшықты тілімен ерекшеленетін ақын Айша Көпжасарованың 80 жас мерей тойына орай Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Өлең—кие. Өлең-өре. Өлең-рух» шығармашылық кеші өтті, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Шығармашылық кешке Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Мемлекеттік сыйлығы мен «Еңбек ардагері» медалінің иегері, актриса Нұрсифат Салықова, Қазақстан Респуликасының еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын Қайырбек Асанов, ақын, Талас аудандық мәслихат депутаты Үміт Битенова, Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры, «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, ақын, журналист Хамит Есаман қатысып, мерейтой иесіне жүрек жарды тілектерін білдірді.
Кітапхана қызметкерлері арнау өлеңімен ақынды сахна төріне шақырып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Күләш Ахметованың Айша ақын туралы айтқан әдемі естеліктерінен үзінді оқыды.
Одан әрі К.Әзербаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілері мен «Ақ кербез» бишілер тобы, «Жуалы Мыңбұлақ» халық театрының мүшелері, «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері ақын сөзіне жазылған әндерді шырқады.
Ал шығармашылық кештің арнайы қонақтары қазақ эстрадасының жұлдызы, әнші, ақынның ұлы Бүркіт (Айбек Жансейітов) және жары Аиша әсем әннен шашу шашып, кештің шырайын қыздыра түсті.
Тосын сыйға толы кеште ақынның аяулы келіні Жанна Көркембаева Айша ақынның жырларын жүрекке жеткізіп оқып берді. Мерейтой иесіне арналған кеш қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.