Партия тынысы: Көп мәселе қоғамдық қабылдауда шешіледі

0 9

«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында салалық ведомство өкілдерінің қатысуымен қабылдау өткізілді, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Шараға  облыс әкімдігінің білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының және Тараз қаласы әкімдігінің өкілдерімен бірге облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық бірлестік жетекшілері де қатысты.

Олар өз тараптарынан қоғамдық қабылдау бөлмесіне келушілер тарапынан көтерген әлеуметтік мәселелерін құлақ салып, түйткілдің түйінін тарқатуға ықпал етті. Соңғы үмітін партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне артып келген жандар мен жауапты сала мамандары бетпе-бет кездескен жиында 15 азаматтың өтініші тыңдалды. Өтініштің негізгі бөлігі денсаулық сақтау саласына тиесілі. Сонымен қатар жұмыспен қамтуды үйлестіру  бойынша да өз шағымдарын жеткізгендердің қарасы қалың болды.

Қоғамдық қабылдауға келген 6 өтініш иесінің мәселесі жиын барысында шешімін тапты. Бұл орайда өтініш иелеріне материалдық көмек көрсетуге облыстық мәслихат депутаттарының демеушілік танытқанын атап өткен жөн. Ал қалған өтініш иелеріне заң аясында түсініктеме берілді. Жекелеген мәселелерді облыс әкімдігінің денсаулық сақтау, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларынан келген мамандар жеке бақылауында ұстайтын болды. Облыстағы барлық аудандық филиалдарда әлеуметтік сала өкілдерінің қатысумен бір уақытта өткен қоғамдық қабылдауға жалпы 47 азамат жүгінген. Оның ішінде 18 өтініш иесінің мәселесі жиын кезінде нәтижелі шешілді. Қоғамдық қабылдау бөлмесіне күн сайын келіп жататын азаматтар жауапты мекемелер арасында жүріп шаршағанын айтып жатады. Бұл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмейтінін көрсетеді. Өкінішке қарай көптеген мекемелердің тәжірибесінен өтініш білдірушінің мәселесімен айналысудан гөрі оны дәлелді-дәлелсіз себептермен екінші бір мекемеге бағыттап жіберуін байқап жатамыз. Осындай олқылыққа жол беріп, мемлекеттік қызмет көрсетуге атүсті қараған мекемелердің жауапкершілігін арттыру үшін осындай форматтағы қабылдаулар тоқсанына бір рет ұйымдыстырылып тұрады. Әрі бұл алаң қоғамдық қабылдауға келушілердің мәселелерінің нәтижелі шешілуіне де ықпал етуімен ерекшеленбек, –  дейді «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраймова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.