Биыл еліміздің егемендік алып, Тәуелсіздік туын тұғырына қондырғанына 30 жыл. Осы уақыт ішінде дөңгеленген дүние «Қазақстан» атты ел барына қанығып та үлгерді. Шекарамыз шегенделіп, төл теңгеміз айналымға түсті. Экономика – өсті, саяси сахнада алты құрлықтағы алпауыттар мемлекетімізбен тең дәрежеде диалог құратын деңгейге жетті. Сан түрлі ұлтты құшағына басқан ұлан-ғайыр далада бейбітшілік салтанат құрды. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесін меншіктеді. Осы отыз жыл ішінде ана тіліміздің абыройын асқақтатып, дамыту үшін тиісті жұмыстар түрлі бағытта толассыз жүргізіліп келеді. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бұл бағыттағы жұмысы жүйелі. Жауапты мамандар жыл сайын жаңа жобаларды жүзеге асырып, қазақ тілінің қолданысын кеңейту аясында еңбек етуде. Түрлі жиындар, байқаулар, конференциялар мен кездесулерден бөлек, заман талабына сай, әлеуметтік желідегі жобалар да көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. «Ашық аспан астында тіл үйренейік» жобасы аясында қазақ тілі мен ағылшын тілдерін ойын түрінде үйрету қолға алынған.
«Жаңа әліпби» — қолданысқа енгізілуі көзделіп отырған латын әліпбиінде сауатты жазуды насихаттаса, «Сауаттылық time» айдары – түрлі тіркестер мен сөздерді дұрыс жазуға үндейді.
Тіл тазалығын сақтау үшін көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауатты жазылуы да мамандардың назарында. Жедел желі – үнемі қосулы.
Жауаптылар сараптама жасап, кәсіпкерге көмек, сауалға жауап беруге дайын. Түрлі іс-шаралар мен акциялар үнемі өтіп тұрады.
Басқарманың бастамасымен жақында «Таза қалаға – таза жарнама» акциясы ұйымдастырылды. Онда, облыс аумағында орналасқан түрлі мекемелердің маңдайшалары, хабарландырулар, жарнамалар мен баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпараттардың Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңына сәйкес ресімделуі зерделенді. Нәтижесінде, 13 көше, 5432 көрнекі ақпараттар мен жарнамалар сараланды. 1557-ге жуық жарнаманың тіл заңнамаларына сәйкес еместігі анықталса, 394 көрнекілік алынып тасталды. Қалған 1163 кемшілікті түзетуге кесімдімерзім беріліп, әдістемелік көмек көрсетілді.
Ел тәуелсіздігінің тірегі – тіл. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақ тілін қазынаға айналдыру жолындағы басқарманың жұмысы ары қарай да жалғасын таба бермек.
Мақала авторы: Гүлнұр Қайратқызы