Ардагерлер ардақталып, қариялар құрметтелген күн

0
17

Ардагерін ардақтап, қариясын қадірлеген егемен елімізде қарттарымызға қашанда лайықты құрмет көрсетілуде. 1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай, Байзақ ауданының орталығындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімі Бақыт Қазанбасов қатысып, қазыналы қарттарды мерейлі мерекемен құттықтады, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

– Осынау салтанатты сәтте сіздерді, сіздер арқылы ауданымыздағы бүкіл ардагерлер қауымын 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сіздер ауданымыздың өркендеуі мен дамуы үшін өз қажыр-қайраттарыңыз бен ақыл-кеңестеріңізді аямай келесіздер. Сіздерді өмірде әрқашан азаматтық пен адамгершіліктің үлгісі, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білген азамат ретінде танимын. Сіздерді бұдан әрі де арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, еліміздің игілігі үшін қоғам өміріне белсене араласады деп сенемін. Мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт — береке, бірлік тілеймін, – деді Бақыт Алпысбайұлы. 

Бұдан соң сахнаға көтерілген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков қарттарды мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Шара аясында ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуына үлес қосқаны және қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқандары үшін бірқатар ардагерлерге облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы, аудан әкімінің Алғыс хаттары мен «Ауданның Құрметті ардагері» атақтары және аудандық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттары табысталды.

Салтанатты шара мерекелік концертке ұласып, аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here