Жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Карашөкеев Тараз қаласын қоршап жатқан Жамбыл ауданына арнайы барып, өңірдегі «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асуын назарға алды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Алдымен Министр аудан орталығы – Аса ауылы Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінің жай-күйін көрді. Ғимарат 1975 жылы салынған. Бастапқыда кино көрсетілім орталығы болған нысан соңғы жылдары қараусыз қалған. «Ауыл – ел бесігі» жобасында күрделі жөндеуден өткен орталық бүгінде тәрбиленушілерді түрлі үйірмелерге машықтауда.
Орталықтың жұмысымен танысқан Ербол Шырақбайұлы алдағы уақытта әлемге, елге танылған өнер майталмандары шығуына тілектестігін білдірді.
Сонымен қата министр аудан орталығындағы өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен салынған әмбебап спорт кешенінде болды. 224 балаға арналған спорт кешенінің құрылысын «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 594 миллион теңгеге жүргізген.
Жамбыл ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітовтың айтуынша, заманауи спорт кешенінен бөлек, мұнда үлкен футбол, екі кіші футбол, тенис, бокс, күрес, жүгіру, жаттығу алаңдары бар. Кешенде аудан жастары бекітілген кесте бойынша жаттығады.
– Жастарды спортқа мейлінше көп тартуымыз керек. Салауатты ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Олардың спортпен шұғылдануына қолайлы орта қалыптастыру мемлекеттің негізгі – міндеті. Күн-түн демей жаттығатын спортшылар ертең-ақ елдің қанжығасын майлайды. Сондықтан спортқа ерекше ден қою — маңызды. Бұл орталық чемпиондар шеберханасына айналсын, – деді Ербол Шырақбайұлы.