2019 жылғы желтоқсан айында аты мен заты белгісіз ауру Қытай елінің Ухань қаласында анықталып, әлемді әбігерге салған болатын. Күн сайын үдеп, сағат сайын өршіген дертке — «коронавирус» деген ат қойып, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп бағалаған болатын. Аталған індет батпаңдап кіріп, мысқылдап шықты. Әлі күнге дейін нақты емі табылмаған сырқат арамыздан көптеген жандарды алып кеткенін ағайын жақсы біледі. Әсіресе, өткен жылдың мамыр-маусымында бірінші толқын өрши түсіп, екіленіп алды. Жаһан ғалымдары вакцина шығарумен шұғылданып, тәжтажалды тежеуге тырысып бақты. Жеті рет өлшеніп, бір жолы пішіліп ақырында вакциналар табылып, тиімділігі дәлелденіп, айналымға ене бастады. Бүгінде аты жаман індетке тосқауыл қоюдың жолы екпе қабылдау дейді мамандар. Көптеген түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттандыруға ден қойылды. Еліміз бойынша екпе қабылдағандар қатары артып, бүгінде қауіп сап тиылмаса да, сейілді деп сеніммен айтуға болады.
Соңғы уақытта оқушыларға, жүкті әйелдерге, локтация мезгіліндегі әйелдерге АҚШ-та өндірілген Pfizer вакцинасын егу мәселесі күн тәртібіне қойылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өткен аптаның ортасында Жамбыл облысына «Комирнати» (Pfizer, АҚШ) вакцинасының 40950 дозасы мұздатылған күйде жеті термобокс авторефрижераторлармен жеткізілді. Ол биылғы жылғы 20 қазандағы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №46 Қаулысының әдістемелік ұсыным талаптарына сәйкес түсіріліп, -90С-тан-60С-қа дейінгі температуралық режимдегі камераға орналастырылды делінген ресми мәліметтерде.
Жоғарыдағы аталған мәселелердің жай-жапсарын түсіндіріп, туындаған сұрақтарға жауап беру үшін сәрсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде мектеп директорлары, ата-аналар комитетінің мүшелері, ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен алқалы жиын өткен болатын. Жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Ербол Аймамбетов облыс орталығынан келген меймандарды таныстырып, кезегімен сөз тізгінін ұсынып отырды. Бірінші болып сөз алған Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Гуля Мырзабекова Pfizer вакцинасы туралы мәлімет беріп, кімдер қандай жағдайда, қалай егілетіні туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Гуля Құралбекқызының сөзінше аталған екпемен 12-17 жастағы жасөспірімдерге ата-аналарының қағаз нысандағы рұқсатымен егілу көзделіп отыр. Сонымен бірге жүкті әйелдердің 16-37 жүктілік аптасында екпе жүргізіледі. Ал, баласын дүниеге әкелген аналар 42 күннен кейін вакцинациядан өтуіне болады.
-Статистика бойынша екі жыл ішінде Жамбыл облысында 29 мыңнан астам адам науқастанған, соның арасында 203 жасөспірім де ем қабылдаған. Биыл бұл сан едәуір өскен. Сондықтан қарсы шара ретінде көрсетілген топты екпемен қамтыған жөн. Екпе мектептің медициналық бөлмесінде және емханаларда жасалады. Қалау ата-аналарда болады. Жасөспірім екпе қабылдамас бұрын тексеруден өтіп, дәрігерлер екпеге қарсы көрсеткіші бар сырқаттың бар-жоқтығын анықтайды. Одан бұрын ата-ананың жазбаша рұқсаты рәсімделеді. Егер де ата-ана қарсылық білдірсе ол құпталып, құжат жүзінде тіркеледі. Ешкімнің қыспақтауға, қарсылықты қабылдамауға құқығы жоқ дейді маман. Екпе арнайы даярланған дәрігерлердің мобильді тобымен жүзеге асады. Оған ата-аналардың қатысуына болады.
Алайда оқушылар көпшілік ішінде болғандықтан олар вирусты тасымалдаушы болып табылады. Ол үйіне келіп,егілмеген отбасы мүшелеріне сырқат жұқтырып, жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан осы контингенттің екпе алғандары абзал. Өйткені ересектер екпе қабылдап, ауырып жазылғандар имунитет қалыптастырды. Ал аталмыш топ тәуекел аймағында тұр.
Бүгінгі күннің өзінде еліміз бойынша Pfizer екпесін 5 мыңға жуық адам қабылдаса, оның 3 мыңнан астамы жасөспірімдер екен. Облыс орталығында бұл жұмыс апта басында басталған. Қазірдің өзінде 13 бала екпе қабылдап үлгерген. Әзірше шағым түспеген. Жағдайлары мамандардың бақылауында. Айта кетерлік жайт, бұл жұмыста мәжбүрлеу жоқ.
Дегенмен ұжымдық саламаттылық үшін мектеп әкімшілігі, психологтар, медицина мамандары ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізгендері жөн. Себебі биылғы ақпан айында егу жұмыстары өте қиын басталды. Түсініспеушіліктер болды. Қазіргі таңда барлығы қалыпқа түсті. Бастағалы отырған жұмыс та сәтті болады деген сенім бар. Соңғы үш айдың өзінде короновирус індетіне шалдыққандар саны күрт төмендеп келеді. Ол көпшілік болып екпе қабылдаудың нәтижесі екені сөзсіз,–деді Гуля Құралбекқызы.
Залдың ішінен вакцинаға күмән келтірген адамдар да болды. Олар америкалық екпенің шыққан мерзімін сұрап, келешекте ұрпаққа зияны тиіп кете ме деп күдіктенді. Мінберде тұрған мейман аталған екпені өзі,жолдасы, балалары мен бауырлары қабылдағанын айтып, өз жақындарына жамандық тілемейтінін жеткізді. Сұрақ орынды, дегенмен мамандардың кеңесіне жүгіну қажет. Алып-қашпа әңгімелерге ермеу керектін атап өтті. Әр вакцинаның құрамында өлтірілген вирустың аздаған көлемі болады. Ол ағзаға еніп, белгілі уақытта қарсылық танытып, имунитет қалыптастырып, ауруға қарсы қауқарланады.Ол қызылша,сары ауру болсын осы әдіспен екпе дайындалатынын еске салды.
-Жүкті әйелдерге екпе егудегі міндет қазіргі кезде тіркеліп жатқан өлі туу, түсік, мерзімінен ерте босану,ана өлімі секілді дүниелерді алдын алу екендігін түсінуіміз керек. Короновирустан қайтыс болған әйелдің мәйітін сойғанда ағзасының барлығы ұйып қалған қанға толы екенін аңғардық. Өйткені ауруды емдемей өршітумен қанды бұзып аламыз.
Жалпы короновирусқа қарсы вакцина жаңа вакцина емес. Ол әдіс, тәсілдерді жинақтау арқылы жасалған. Бұл жерде инфекцияның жаңа екенін ескеру керек. Аурудың екпесі табылғанымен, нақты емі табылмай тұр. Сондықтан екпемен амалдап, аурудан сақтану керек.
Көршілес Қырғыз елінде 14 пайыз ғана екпе қабылдаған. Оның өзі гуманитарлық көмек түрінде келген дозалар. Себебі бұл елде қаржы тапшылығы бар. Біз Тараз қаласындағы «Ауыл береке» базарында 4-5 емхана мамандарын қойып, пункт ашқанбыз. Бірінші келетіндер қырғыз ағайын мен өзбек бауырлар, үштіктің ішінде орыс ұлтының өкілдері бар. Қазақ болса жайбарақ жүре береді,-деді денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы.
Екінші болып облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Нұргүл Сапарбаева сөз алып, алдыңғы сөйлеген әріптесінің сөзін қуаттап, пікірін білдірді. Жиналғандар тарапынан алаңдаушылыққа толы сұрақтар легі көп болды. Олардың барлығына сауатты жауаптар қайырылды. Мәселен екпе қабылдаған адам қайта ауыруы мүмкін. Өйткені екпе қысқа мерзімде адам ағзасына еніп, қалыптасу үшін уақыт керек. Екпе қабылдаған соң босаңсуға болмайды. Сақтық шараларын сақтап, қорғанып жүрген дұрыс. Дегенмен екпе қабылдаған адам ауырып, өкпесі қабынса 25-30 пайыздан жоғары болмайды.
Жиын барысында аудандық орталық аурухана-ның бас дәрігері Жайдар Әйтішев те сөз алып, күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз ойын ортаға салып, екпе алу жұмысын жандандыру қажет деді. Аты жаман індеттің алдын алудың бірден бір жолы –вакцинация деген қорытындымен жиналыс аяқталды.
Байжан Емберді.