Аудан көлемінде ауылдық жерлерді таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жобалы жұмыстар қолға алынып, өз деңгейінде атқарылуда. Аудан бойынша 2020 жылға дейін ауыз су 16 елді мекенге, 6 886 аулаға, 35 009 тұрғынға тартылса, оның ішінде, 5 202 аула, 23 150 тұрғын ауыз сумен толықтай қамтылған болатын , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Атап өтер болсақ, олар аудан орталығы Б.Момышұлы ауылы, Қызыларық, Дарбаза, Жылыбұлақ, Нұрлыкент, Диқан, Қайрат, Көлбастау, Талапты, Күреңбел, Көктөбе, Қосбөлтек, Бақалы, Қарасаз, Шақпақ станциясымен қатар шалғайдағы Қарабастау елді мекендері.
Ал, 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1 289 232 мың теңге қаржы бөлініп, аталған қаржыға ауданға қарасты 10 елді мекенге ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп, жұмыстар толығымен аяқталды. Атап айтқанда Теріс, Ақбастау, Шынбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Алатау, Жұрымбай, Сұрым, Теріс-Ащыбұлақ, Ынтымақ елді-мекендері. Сәуір айынан бастап құрылыс барысындағы қазылған жерлердің шөгуіне байланысты барлық 10 елді мекенде мердігер мекеме тарапынан қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда ауданда ауыз сумен 26 елді мекеннен 7 708 аула мен 39 601 тұрғын қамтылды. Аула саны бойынша көрсеткіш 74,4%, ал халық санына шаққанда 73,9 %-ті құрап отыр. Одан бөлек, 2020 жылы бес ауылда басталған ауыз су жүйелерінің құрылысы 2021 жылға өтпелі. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында былтыр Қошқарата, Көлтоған, Ертай, Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы аталатын бес ауылда ауыз су жүйелерінің құрылысы басталған болатын. Оның ішінде аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қошқарата Көлтоған, Т.Дүйсебайұлы ауылдарында жұмыстар толықтай аяқталып отыр. Жалпы бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар аяқталып, ауыз су жүйелері пайдалануға берілген кезде аудан бойынша 31 елді мекенде орналасқан 8 922 ауладағы 46 050 тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Бұл көрсеткіш аула санымен 86,2% болса, тұрғын санымен 85,6% пайызды құрайтын болады.
Жері де, суы да дуалы саналатын облысымыздағы таулы өңір Жуалы ауданының тұрғындары таза ауыз судан тарықпайтын болады. Бұл үшін Үкімет тарапынан қажетті жағдайлардың бәрі жасалуда.