Тараз қаласында 1 800 нысан «Ashyq» қосымшасына қосылған. Мониторинг топтар рейдтік жұмыстарын күнделікті жүргізуде. Жыл басынан 8 нысанға акт толтырылды, оның 3-еуіне 225 345 теңге айыппұл салынса, 5 құжат жұмыс барысында. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыров айтты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Ол қала бойынша 14 егу пункттері жұмыс істейтінін де атап өтті. Вакцинациялаудың бірінші компонентін егу жұмыстары толық аяқталып, қазіргі таңда вакцина алғандар саны 259 мың 846 адам құрап отыр.
«Екінші компонент бойынша 222 545 адамға екпе жүргізілді. Осы айдың аяғына дейін егу жұмыстары толық бітіріледі. Ревакцинация бойынша 69 137 адамнан 25 803-і екпе алды. Қалалық емханаларда ревакцинация өтетіндер үшін Казвак және Спутник Лайт вакцинациналары қолдануда. Синофарм вакцинасы осы аптада облысқа түсуі күтулуде», — деді Дәулет Мақсұтұлы.
Оның айтуынша, 2021 жылдың 15 қарашасынан Рfizer екпесін 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге және жүктіліктің 16-37 аптасына дейінгі әйелдер мен лактация кезеңінде босанған әйелдерге салу басталды. Қазіргі таңда күнделікті 1000-1500 адам егуден өтуде.