Тараз қаласында желтоқсан айында коронавирустың 62 жағдайы анықталды, бұл сырқаттанушылықтың 41 есе өскенін байқатады. Өткен аптада қауіпті инфекцияны 830 адам жұқтырған, соңғы тәулікте 51 дерек анықталды. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Тараз қаласының бас санитарлық дәрігері Әсел Сапахова айтты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Ол өңірде тұрғындарды вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл қазіргі таңда өте маңызды. Өйткені, «Omicron» жаңа штаммы айналымда жүр, ол «Delta» штаммынан 5 есе қауіпті және 70 есе жылдам көбейеді.
«Барлық тұрғындарды өз денсаулығына және жақындарының денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауды, профилактикалық және карантиндік қауіпсіздік шараларын сақтауы керек. Жаңа қаулыға сәйкес, Ashyq жобасына қатысатын нысандар үшін жұмыс және демалыс күндері жұмыс уақытына шектеу қойылмайды. Қауіпсіз «жасыл» мәртебесінде жұмыс істейтін объектілерге және «жасыл», «сары», «қызыл» эпидемиологиялық қауіпті аймаққа қарамастан қызметкерлер мен келушілерге шектеулер алынып тасталды», — деп түсіндірді спикер.