ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯЛАУ –ЖАЛҒАН ІСКЕ ТОСҚАУЫЛ

0 22

Жамбыл облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінде жалпыға бірдей декларациялау мәселесіне қатысты жиын өтті. Келелі кездесу департамент бастығы, әділет полковнигі Нияз Қанатұлы Рысбаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Мұндағы мақсат – былтырдан бастап енгізіле бастаған жалпыға ортақ декларацияны мекеме қызметкерлеріне жан-жақты түсіндіру. Жиында сөз алған Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ғазиз Рахымбердиев қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлеріне декларация бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына өткізілетін анықтамалар жайында кеңінен айтып өтті.

– Қазақстанда былтырдан бастап азаматтардың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялауды енгізу басталды. Жалпыға бірдей декларацияның басты мақсаты – көлеңкелі экономикамен күрес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралды қалыптастыру әрі ел бюджетін толықтыру. Жалпыға бірдей декларациялауға елдің әрбір азаматының өмірін жақсартудың көптеген мүмкіндігі кіреді, – деді ол. Бұл декларацияны енгізе отырып, мемлекетіміз заңсыз табыстарды анықтауға, азаматтардың салық төлеуші ретінде мәдениетін қалыптастыруға қол жеткізбек. Нақтырақ айтқанда, тұрғындардың салықтық міндеттемесін орындауға деген талап жоғарыламақ. Айта кетейік, Салық кодексінде жалпыға бірдей декларациялауды енгізу төрт кезеңде өтеді деп көзделген. Үшінші кезең 2024 жылдың 1 қаңтарында басталады. Бұл кезеңде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары қамтылады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап төртінші кезеңде халықтың қалған санаттары жалпыға бірдей декларациялауға толық көшеді.

Департаментте өткен жалпыға бірдей декларациялау мәселесіне қатысты маңызды жиынға Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесінің бастығы, әділет полковнигі Ерлан Тоқанов және департамент қызметкерлері қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.