Жамбылдық полицейлер облыстың бірнеше тұрғынын алдап кеткен алаяқты ұстады

0 13

Жамбылдық полицейлер облыстың бірнеше тұрғынын алдап кеткен алаяқты ұстады , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Тараз қаласының полиция бөліміне бірнеше азамат арызданған. Олар 2021 жылдың қараша айында екі әйел өздерін азық-түлік тауарларын көтерме бағамен сататын өкілдер ретінде таныстырып, сенімге кіріп, алдау арқылы ақшаларын иемденіп кеткені туралы хабарлады. Келтірілген залалдың жалпы көлемі 7 000 000 теңгеден асты.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 23 пен 42 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады, олардың біреуі қамаққа алынды. Ұсталғандар кінәсін толық мойындады.

Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мүлкі тәркіленіп, 3 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз, 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Жамбыл облысының Полиция департаменті тұрғындардан бейтаныс адамдармен ірі көлемде мәміле жасауда өте сақ болуды ескертеді.

Егер сіз осындай қылмыстың құрбаны болсаңыз, полицияға «102» тетігіне немесе аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабарласыңыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.