«Ерте, ерте, ертеде…» кітапшасының тұсаукесер рәсімі өтті

0 11
Балалар жылы аясында балаларды қорғау күні мерекесінде «Анаға тағзым» орталығында бүгін керемет іс-шара өтті. Аталған іс-шараны орталықтағы «Ана тілі» шешендік өнер үйірмесі ұйымдастырды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Мерекелік кештің шымылдығы үйірме шәкірттерінің орындауындағы «Поэзиялық композициямен» түрілді. Әуезді ән мен әсем биге де кезек беріліп, қонақтарға тамаша көңіл-күй сыйланды. Одан соң, үйірме қатысушылары осы кешке арнайы дайындаған «Бұлбұл, жарғанат және қарақұрт» ертегісінің қойылымын сахналады. Ертегіні қыздар қуыршақтар арқылы сомдады. Ал, бұл қуыршақтарды орталықтың «Бойтұмар» қолөнер және дизайн үйірмесінің жетекшісі мен шәкірттері өздері арнайы тіккен болатын.
Бұған дейін айтқанымыздай, «Ана тілі» шешендік өнер үйірмесі жетекшісінің тапсырмасымен қыздар өз ұшқыр қиялдарына қанат бітіріп, түрлі ертегілер, әңгімелер құрап жазып жүр. Мұның өзі бағалағанға үлкен еңбек. Қаламалды тебіреністері еш кетпесін, олардың келешектегі шығармашылық жолдарына мотивация болсын , — деген ниетпен орталық басшылығы шағын жинақ кітапшасын басып шығартты. Үйірме шәкірттерінің өздері жазған ертегі-әңгімелері, өлеңдері мен жұмбақтары сияқты тырнақалды туындылары басылды бұл кітапқа.
Шара барысында кітаптың лентасын п.ғ.к., профессор Жанат Сарыбекова мен ҚР Мәдениет саласының үздігі Камила Абашева салтанатты түрде қиды. Жеткіншектерге осы апаларының жолын беріп, еліне елеулі, халқына қалаулы болсын!- деген тілектер легі ағытылды.
Өнегелі кеште өрелі сөздерін арнаған ф.ғ.к., профессор, үйірме жетекшісі Сейсекүл Исматова бұл жасап жатқан дүниелердің тек бастамасы екенін айтып, алдағы уақытта шәкірттерінің нағыз тіл жанашыры, тіл шебері болуы үшін барлық күш-жігерін жұмсайтындығын жеткізді. Шәкірттері көпке ой салатын танымдық шығармаларынан үзінді оқып, зор қошеметке ие болды.
Сондай-ақ, шара барысында қолөнерші, кәсіпкер Раушан Иманалиеваның жасаған бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, кішігірім шеберлік сағаты өткізілді. Алдағы уақытта Раушан ханыммен болатын шеберлік сағатының ауқымы кеңейтіліп, тігін үйірмесінің қатысушыларына өз тәжірибесімен бөлісу жоспарланды.
Бүгінгі іс-шараға атсалысқан барлық өрендер орталық директорының алғыс хатымен марапатталып, барлық бүлдіршіндерге тегін балмұздақтар таратылды. Естелікке суретке түсіп, бәрі мәз-мәйрам болысты. Эстрада жұлдызы Әйгерім Қалаубаева орындайтын «Ғажайып түс көрдім, Таң ата мен бүгін. Ертегі әлемнің қызығында жүрдім. Нұрына шомылдым бүгін» – деген ән шумақтарындағы сезімді кешке қатысқан әр адам өз басынан кешірді десек артық айтқандық болмас.
Leave A Reply

Your email address will not be published.