Жамбыл облысында егін орағы басталды

0 9

Өңірде диқандар егінге орақ салды. Алғашқылардың бірі болып қордайлық шаруалар арпа оруды бастады. Егін алқаптарындағы жұмыс барысын аудан әкімі Мәден Мұсаев бағдарлап қайтты,- деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Жалпы Қордай ауданы бойынша 40 мың гектар алқапқа арпа егілген. Шығымы бітік егіннің түсімі де ерекше. Аудан әкімі алдымен Бетқайнар ауылындағы «Нұр-Ал» шаруа қожалығына арнайы барды. Техникасы сай, мамандары жеткілікті қожалық иесі Дүйсенхан Онгелдиевтің айтуынша биылғы ауа райының қолайлығы және жиын-терін науқанына жақсы дайындықтың арқасында барлығын сәтті аяқтауға толық мүмкіндік бар көрінеді. Арпадан бөлек 20 гектер жерге күздік бидай сепкен «Нұр-Ал» ШҚ комбайыншылары мен механизаторлары, жүргізушілері қазір жұмысқа білек сыбана кіріскен. Шаруалармен тілдескен аудан әкімі жұмыстарына сәттілік теді.

Мәден Тоқтарбайұлы осы күні Бетқайнардағы «Алмаз» шаруа қожалығының жүгері алқабына да барды. 200 гектар алқапта қазір жайқала өсіп келе жатқан «Маями» тұқымды жүгеріге тамшылатып суару жүйесі қолданады. Су шығынын азайту, өнім сапасын арттыруға пайдасы зор бұл әдіс алдағы жылдары да қолданылмақ. Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шарушалығы бөлімі басшысы Б.Садырбаев және аталмыш шаруа қожалық жетекшісі Жұмабек Ещиғановтар аудан әкіміне қазіргі жұмыс барысы турасында түсініктеме берді. Аталған шаруашылық тамшылатып суару жүйесін тиімді пайдалануда.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 370,0 мың гектар жерге дәнді масақты дақылдар егілсе, оның ішінде 153,8 мың гектарға бидай, 216,1 мың гектарға арпа себілген. Бүгінгі күні облыста алғашқылардың бірі болып Қордай және Меркі аудандары егістікке орақ салды.
Биыл Қордайлық диқандар 22,2 мың гектарға бидай, 46,2 мың гектарға арпа сепсе, Меркілік шаруалар 26,9 мың гектарға бидай, 29,7 мың гектарға арпа еккен болатын.

Жалпы ағымдағы жылы астық ору науқанына 800-ден астам техника жұмылдырылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.