Мойынқұмда биыл 5774 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылып, егіс алқабы 112 гектарға артты. Жер пайдалану көрсеткіші 100%-ға орындалып, 250 гектарға арпа, 1360 гектарға жүгері, 130 гектарға картоп, 190 гектарға көкөніс, 200 гектарға бақша дақылдары, 3189 гектарға жоңышқа, 400 гектарға тары және 55 гектарға майлы дақылдары егілді.
Бұдан бөлек жалпы ұзындығы 9,8 шақырым болатын тоғандарды механикалық тазалауға бюджеттен 10 млн теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңға тоғандарды тазалау жұмыстары толық аяқталды. Бұл жұмыстар аудандағы егін шаруашылығын дамытуға бағытталған.
«Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жыл сайын қаржы қаралуда. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 3,4 млн теңге қаражат қарастырылған. Қайтарымсыз грант бойынша 57 азаматқа 49 млн теңге қаржы бөлінді. Заңнаманың өзгеруіне байланысты жаңа ереже бекітілмеді. Сол себепті бұл жұмыстар уақытша тоқтап тұр. Ал «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 100 маманға көтерме жәрдемақы төлеуге аудандық бюджеттен 30,6 млн теңге, 24 маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беру үшін 110,3 млн теңге қаржы қаралды», — дейді аудан әкімі.