Қала әкімі Бақытжан Орынбековтың төрағалығымен кезекті жиын өтті. Басқосуда қала аумағындағы иесіз ит-мысықтар мәселесі қаралды.
Бүгінгі күні қала аумағында қаңғыбас иттер көбейіп, адам өмірне қауіп төндіруде. Жыл басынан бері 1 114 адам иесіз иттерден зардап шексе, оның 522-сі — 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер.
Қазіргі таңда қала аумағынан 3 410 бас иесіз қаңғыбас ит, 124 бас мысық Заң талаптарына сәйкес ауланды. Ауланған жануарлар уақытша ұстау панажайымен қамтамасыз етіліп, қажет болған жағдайда оларға ветеринариялық көмек көрсетілуде. Алайда, бүгінгі таңда қала аумағында мемлекет тарапынан соғылған жануарларды уақытша ұстау орны (питомник) мен биотермиялық шұңқырлар жоқ. Десе де, әкімдік және ветеринария басқармасы тарапынан жыл соңына дейін 1 питомник және 1 биотермиялық шұңқыр салу көзделіп отыр. Сондай-ақ, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап үй жануарларын чиптеп, тіркеуге алу жұмыстары басталады. Бұл бағыттағы жұмыстар ит иелерінің есебінен қаржыландырылады. Ал, әлеуеті төмен отбасыларға бюджет есебінен жүргізіледі.
Жиынды қорытындылаған Бақытжан Әмірбекұлы жауаптыларға қаңғыбас иттер мәселесін өзге де шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.