Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі қалалық комиссия отырысы өтті

0 12

Жиында сала мамандары тарыпынан сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қала аумағындағы 25 нысан зерделеніп, оның 14-не күрделі жөндеу жүргізу керектігі айтылды. Сонымен қатар, бүгінгі күні шаһардағы 10-нан аса жатахананы орталық газ жүйесімен жабдықтау қажеттігі туындап отыр. Өйткені ондағы тұрғындар пәтерлерінде газ баллондарын қолданып келеді. Бұл өз кезегінде өрт шығу және улану қауіпін туғызады. Басқосуда қала аумағындағы жеделсатылардың жағдайы да сөз болды.

Қазіргі таңда Тараздағы тұрғын үйлерде жалпы саны 58 лифт жұмыс істесе, жыл сайын олардың барлығы ағымдағы жөндеуден өтеді. Өз кезегінде шаһар басшысы жатаханаларда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тұратындықтан, оларға жан-жақты көмек көрсету керектігін жеткізді.

Жиында жылыту маусымына дайындық жұмыстары да талқыланды. Бүгінгі таңда отын-энергетика кешені кәсіпорындарының дайындығы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, басқосуда қысқы маусымдағы қар тазалау жұмыстары да пысықталды. Жиын соңында сала мамандары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының таралу қауіпіне тоқталды. Көбіне кенеден және үй жануарларынан жұғатын бұл вирусты республика бойынша 35 адам жұқтырса, оның 2-еуі Жамбылда тіркелген. Бақытжан Орынбеков жауаптыларға жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Комиссия отырысында төтеншеліктер бірқатар мәселелерді көтерді. Ең өзектісі – тұрғындар көпқабатты үйлердің алдына заңсыз бетон блоктарды қоюда. Бұл өз кезегінде жедел-жәрдем, өрт сөндіру көліктеріне кедергі келтіріп, олардың жолын бөгейді. Қала басшысы сала мамандарына қала аумағында заңсыз қойылған бетон блоктарды анықтап, оларды тез арада алып тастауды тапсырды. Сондай-ақ, Бақытжан Әмірбекұлы жауаптыларға жиында көтерілген әрбір мәселе бойынша тиісті шаралар жүргізу керектігін жүктеді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.